Еліміз 2 трлн теңгеге әскери техника сатып алатыны рас па? Министрлік жауап берді

ҚР Қорғаныс министрлігі мен түріктің "Otokar" компаниясы арасында 2 трлн теңгеге жуық сомаға бронды техниканы сатып алуға келісім жасалғаны туралы әлеуметтік желіде таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі ресми хабарлама таратып, бүгінгі таңда түрік тарапымен бронды техниканы жеткізу бойынша ешқандай келісім жоқ екенін мәлімдеді.

"Otokar" компаниясы бронды техника өндірушілерінің бірі ғана болып табылады, оның үлгілері қызметке қабылдау ережелерінде бекітілген рәсімге сәйкес жалпы негізде қаралады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі бұған дейін хабарлаған болатын. Бұл ретте техниканың басқа да шетелдік үлгілері қарастырылады. Қазіргі уақытта аталған компанияның 8х8 бронды техникасының үлгісі отандық бронды техниканың үлгісімен қатар тәжірибелік сынақтардан өтуде. Олардың нәтижелері бойынша техникалық талаптарға сай техниканың үлгісі айқындалатын болады. Естеріңізге сала кетейік, Қорғаныс министрлігі өз құзыреті шеңберінде мемлекеттің қорғаныс қабілетіне жауап береді және қару-жарақ пен әскери техниканың әртүрлі үлгілеріне қажеттілікке ие болып табылады. Бұл ретте қорғаныс ведомствосы үшін үлгілерді таңдау кезінде отандық және халықаралық сарапшылар мойындаған өнімнің сапасы басымдық болып табылады. Сондықтан әлеуметтік желілерде таралатын әртүрлі жалған ақпараттарға сүйенбей, тек тексерілген, ресми ақпарат көздеріне сенуді сұраймыз, - делінген ведомство хабарламасында.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы