«Елімай» – «Ордабасы» кездесуінен кейінгі жанжал: Жаттықтырушы, ойыншы және төреші ойыннан шеттетілді
Жанжалдан кейін жаттықтырушы, төреші және ойыншы ойыннан шеттетілді.
Қазақстан футбол федерациясының комитетінде бұған дейін Семейде өткен «Елімай» мен «Ордабасы» арасындағы матчта клуб өкілдеріне балағат сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсеткен төреші Арман Есмұратовқа қатысты тәртіптік іс қаралды.
ҚФФ мәліметінше, 2026 жылғы 23 маусымда төреші Арман Есмұратовты 2026 жылдың 24 маусымы мен 1 қазаны аралығында ойыннан шеттету туралы шешім қабылданды. Федерация таратқан ақпаратқа сәйкес, оның шеттетілуіне әдепсіз мінез-құлқы мен ҚФФ Әдеп кодексі нормаларын бұзуы себеп болған.
Сонымен қатар, тәртіптік шаралар «Елімай» өкілдеріне де қолданылды:
-
Команда ойыншысы Жан Әли Пайруз матч кезінде бас төрешіге физикалық қысым көрсетуге әрекеттенгені үшін төрт матчқа шеттетілді.
-
«Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович те агрессивті мінез-құлқы, төрешілер бригадасының шешімдеріне келіспеушілік танытқаны және кездесуден кейінгі мәлімдемелері үшін төрт матчқа шеттетілді.
-
Клубтың басқарушы директоры Федор Симинидиге 2026 жылдың 24 маусымы мен 1 қазаны аралығында «Елімайдың» қатысуымен өтетін матчтар кезінде стадиондарға баруға тыйым салынды. Сондай-ақ, оған әдепсіз мінез-құлқы үшін 100 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) көлемінде айыппұл салынды.
-
Бұдан бөлек, «Елімай» футбол клубына жалпы сомасы 400 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бұған жанкүйерлердің алаңға заттар лақтырғаны, стадиондағы қауіпсіздіктің бұзылуы және матч кезінде команда өкілдерінің алаңнан қуылғаны себеп болған.
Жанжалдың шығу тарихы
Жанжал Қазақстан премьер-лигасының 13-турындағы семейлік «Елімай» мен шымкенттік «Ордабасы» клубтары арасындағы матчтан кейін өршіген болатын. Ойыннан кейін семейліктердің бас бапкері Андрей Карпович төрешінің клуб өкілдеріне балағат сөздер айтып, қоқан-лоқы көрсеткенін мәлімдеді.
Кейінірек желіде Арман Есмұратовтың: «Алдыда әлі маусымның жартысы бар. Мен сендерді құртамын» деп балағаттаған видеожазбасы пайда болды. Осыдан кейін төреші бес тәулікке қамауға алынды.
Сондай-ақ, сот Қазақстан футбол федерациясының атына жеке ұйғарым шығарды. ҚФФ-ға болған оқиғаны қарап, төрешіге қатысты тиісті шаралар қабылдау ұсынылды.