Екі браконьер елікті жіліктеп әкетіп бара жатқан жерінен ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысының екі азаматы елік аңын заңсыз атқаны үшін күдікке ілінді. 

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында хабарлады.


2020 жылғы 26 қаңтарда сағат 21:30 шамасында Іле-Алатау ұлттық паркінің мобильді топ инспекторлары рейдтік шара барысында Кеген ауданы Алматы облысы Алматы мемлекеттік қаумалының аумағында Хонда маркалы автокөлігімен жүрген Алматы облысының екі азаматын Н.Д. (1981 ж.т.) және К.Ұ. (1981 ж.т.) құрықтады, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.


Көлікті тексеру барысында бес пакетке салынған екі елік аңының жіліктелген еті, Вепрь және Магнум маркалы екі қару, 12 калибрлі 21 оқ, 223 калибрлі 18 оқ, 308 калибрлі 2 оқ, дүрбі мен әртүрлі пышақтар табылды.


Күдіктілердің айтуы бойынша, олар етті жол бойында тауып алып, аудандық полиция бөліміне жеткізбекші болған.


Аталмыш дерек Кеген аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы