Елге заңсыз кірген шетелдік ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері ел аумағына заңсыз кірген шетелдікті ұстады, деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жетісай АПБ-ның полиция қызметкерлері аудан аумағындағы шетелдіктердің тиісті құқықтық тәртібін қамтамасыз ету, заңсыз келген және осында тұрып жатқан шетелдіктерді, оған қоса заңсыз көші-қон арналары мен оларды ұйымдастырушыларды анықтау, Қазақстан Республикасы аумағына келу, болу, кету ережелерін сақтау мақсатында жедел-профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп отырады.
Осындай шара барысында полиция қызметкерлері Жетісай ауданы, Атақоныс ауылында орналасқан шекарадан түнгі уақытта ҚР-ның аумағына заңсыз кірген Өзбекстан Республикасының азаматын ұстады. Тексеру кезінде шетел азаматының ҚР-на кіруге рұқсат қағазы жоқ болып шықты. Ол шекараның сымдарын заңсыз кесіп өткен.
Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚК-нің 392-бабы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту» бойынша тіркеді. Бүгінгі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері көші-қон заңдылықтарын қатаң сақтауға шақырады.