Дене қызуымен елге оралған 71 адам ауруханадан шығарылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 6 қаңтардан кейін дене қызуымен Қытайдан елге оралған 71 қазақстандық азамат ауруханадан шығарылды.
Науқастардың жағдайы жақсы. Коронавирус анықталған жоқ. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп баспасөз брифингінде хабарлады.
6 қаңтардан бастап, бүгінге дейін Қазақстанға Қытай мемлекеттік шекара пункттері арқылы 30 394 адам келді. 6 қаңтардан 4 ақпанға дейін Денсаулық сақтау министрлігі мамандары Қытаймен мемлекеттік шекара арқылы өтетін әуежайлар мен теміржол бекеттерінде 21 838 адамды, оның ішінде 20 084 жолаушы мен 1 814 экипаж мүшелерін тексерді. 29 жолаушыдан дене қызуы мен ЖРВИ белгілері анықталды. Олардың 28-і ауруханаға жатқызылды, - деді Диас Ахметшәріп ҚазМедиа орталығында өткен брифингте.
Оның сөзіне сүйенсек, бүгінгі күні пойыздардың қозғалысы, әуе қатынасы және Қытаймен жеңіл автокөлік тасымалы тоқтатылды. Медициналық ұйымдар тұрғылықты жері бойынша Қытайдан келген азаматтардың денсаулығын бақылауды жалғастырып отыр.
5 ақпанға дейін ЖРВИ белгілері бар 104 адам ауруханаға жатқызылды, 71 адам ауруханадан шығарылды. 33 пациент стационарда қалды. Науқастардың жағдайы жақсы. Коронавирус анықталған жоқ. Барлық ауруханадан алынған сынамалар қосымша бақылау үшін Алматыдағы Ұлттық ғылыми ерекше жұқпалы аурулар орталығына жіберіледі. Бұл орталық жаңа коронавирусты Полимеразды тізбекті реакция әдістемесін меңгерген, - деп мәлімдеді министрліктің жаңадан тағайындалған ресми өкілі.Бұған дейін, халық арасында қызу талқыланып жатқан "неге мен өзім дәрігерді таңдай алмаймын?" деген сұраққа жауап тапқан едік.
Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп бүгін Ухань қаласынан Түмен және Ташкентке әкелінген қазақстандық студенттердің жағдайы туралы айтып берді.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ақмолада су тасқынына дайын емес аудандар бар
Өзгелердің жаңалығы