Элеваторларға түскен астық үлесі артты – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.  Былтырғы жылмен салыстырғанда элеваторларға түскен астық үлесі артқан. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шарушалығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 3,0 млн тонна астық түсті. Бұл 2019 жылғы осындай мерзімде астық қабылдау кәсіпорындарына сақтауға келіп түскен астық көлемінен 2,1 есе көп. Мәселен, биылғы жылғы 18 қыркүйектегі жағдай бойынша элеваторларға 2,4 млн тонна бидай келіп түсті, бұл 2019 жылға қарағанда (848,6 мың тонна) 2,8 есе көп. Сонымен қатар 504,6 мың тонна арпа (2019 жылғы деңгейден 2%-ға көп), 114,5 мың тонна басқа дақылдар (сұлы, тары, қарақұмық, күріш, 2019 жылмен салыстырғанда 21%-ға артық ) келіп түсті. Аталған деректер егін жинау қарқынының өткен жылмен салыстырғанда жоғары екендігін тағы бір рет растайды, - дейді Сапархан Омаров. 

Оның айтуынша, жаңа егін астығының сапасы жоғары көрсеткіштерге ие. 

Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жалпы бидай көлемінің 83,8%-ы 1-3-сыныптарға жатқызылды, бұл көрсеткіш 2019 жылы 67,2%-ды құраған болатын. Тиісінше, 4-5 сыныпты және сыныпсыз бидайдың үлесі 2019 жылғы 32,8%-дан 16,2%-ға дейін төмендеді. Астық қабылдау кәсіпорындарына келіп түскен астық сапасы туралы деректерге сәйкес дән маңызы жоғары бидай үлесінің едәуір өскені байқалуда. Бұл бидайдың маңызды сапалық көрсеткіштерінің бірі болып табылады.Стандартқа сәйкес 3-сыныпты бидайдағы дән маңызының мөлшері 23%-ды құрауы тиіс, - дейді министр. 

Ведомство басшысының айтуынша, биылғы жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай жоғарылаған.

3-сыныпты бидай көлемінде дән маңызы 25-27% болатын астық үлесі 25,4%-ға жетті (2019 жылы бұл көрсеткіш 23,4%-ды құраған).  Ал дән маңызының мөлшері 28% және одан жоғары болатын жоғары сапалы, жоғары сұранысқа ие HI-Pro бидайының үлесі 59%-ға жетті (2019 жылы бұл 42,8% болатын), - дейді Сапархан Омаров.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы