Елеулі саяси науқанға ел ағалары үлес қосты
Қызылорда облысы бойынша елеулі саяси науқанға ел ағалары да үн қосты, - деп хабарлады Қызылорда облысындағы BAQ.kz тілшісі.
Аламанға атсалысқандар қатарында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев те бар. Ол сайлауалды үгіт-насихат шараларының Сыр елінде өз дәрежесінде жүргізілгенін атап өтті.
Сайлау туралы заң талаптары мұқият сақталды. Жергілікті комиссиялардың аралас жүйе тәртібін дұрыс түсіндіруінің арқасында сайлаушылар ұйымшылдық танытты. Үміткерлер тарапынан да белсенділік байқалды, - деді А.Ералиев.
Еңбегімен ер атанған тұлға жастардың дүбірлі дода кезіндегі құлшынысына ерекше тоқталды.
Президент бастамасымен жаңа саяси реформалардың қабылданып, жүзеге асырылуы ұлттық құндылықтарды жаңғырту үдерісіне серпін берді. Қоғам қайраткері Әріп Хожбанов осындай пікірде.
Сонымен қатар игі бастамалар азаматтардың саяси белсенділігін арттыруға ықпал еткенін жеткізді.
Мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова бұл жолғы сайлаудың бұрынғылардан бөлек екеніне мән берді. Мажоритарлық және пропорционалды сайлау жүйесін қатар қолдану әлем елдерінің тәжірибесінде кеңінен қолданылады. Ал аралас жүйеге өту мемлекеттің өрісін кеңейтеді деген үмітте.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов жерлестерінің саяси белсенділігіне риза.
Бүгін – ел дамуындағы ерекше сәт. Таңертең ертеден бері учаскеге келіп, таңдау жасауға асыққан жұрттың қарасы қалың. Бұл көңіл қуантады, - деді Қ.Бисенов.