Елена Рыбакинаның Майами финалындағы қарсыласы анықталды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакинаның Майами WTA 1000 турнирінің финалындағы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Қазақапарат жазды. Жартылай финалда әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Петра Квитова мен дүниежүзілік рейтингіде 74-орында тұрған румыниялық Сорана Кырстя шеберлік байқасты.

Бірінші партияда румыниялық теннисші 5:2 есебімен алда тұрғанымен, қатарынан бес геймде ұтылып қалды – 7:5.

Екінші сетте чехиялық спортшы 6:4 есебімен басым түсті. 1 сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында П. Квитова 7 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 4 эйс, 1 брейктен (5 брейк-пойнт) аса алған жоқ.

Осылайша, Майами мастерс жарысының финалында Елена Рыбакина мен Петра Квитова бас жүлдені сарапқа салатын болды. Олар бұған дейін екі рет кездескен, есеп – 1:1. Өткен жылы Острава (Чехия) додасында қазақстандық теннисші 7:6 (7:3), 6:4 есебімен басым түссе, биыл Аделаида 2 (Аустралия) турнирінде П. Квитова қарымта қайырды – 6:3, 7:5.

Финалдық матч бүгін түнде өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Reuters
Өзгелердің жаңалығы