Кеше 2026, 19:24 Фото: instagram/lenarybakina

Елена Рыбакина Уимблдон-2026 турнирінің үшінші айналымында жеңіліс тапты

Қазақстандық теннисші бельгиялық Элизе Мертенске есе жіберіп, турнирді мерзімінен бұрын аяқтады.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина (2) өзі 2022 жылы жеңімпаз атанған Уимблдон турнирінің 1/8 финалына өте алмады. 27 жастағы теннисші әлемнің 27-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенстен 6:7 (4:7), 1:6 есебімен жеңілді.

Еленаның ойынындағы дағдарыс анық байқалады. 2026 жылғы Аустралия ашық чемпионаты мен Штутгарттағы WTA 500 турниріндегі жеңістерінен кейін қазақстандық теннисшінің нәтижелері көңіл көншітпей келеді. Бірнеше айдан бері Рыбакина өз ойынын таба алмай жүр, ал жеңілістер бірінен соң бірі жалғасуда. Оның үстіне ол рейтингі аса жоғары емес қарсыластарынан да ұтылып қалып жатыр.

Уимблдондағы бұл жолғы жеңіліс тағы бір жағынан өкінішті. Өйткені осыған дейінгі өзара кездесулерде Рыбакина Мертенсті 7:1 есебімен айқын басымдықпен жеңіп келген болатын.

Көптеген мәжбүрлі емес қателіктер мен соның салдарынан туындаған өзіне деген сенімсіздік қазақстандық теннисшінің матчтың шешуші сәттерінде қайта-қайта сүрінуіне себеп болды.

Бірінші сетте брейкті қайтарып алған Елена тай-брейкте есепте алға шыққан еді. Алайда тағы да басымдығын сақтап қала алмай, тай-брейкте 4:7 есебімен есе жіберді.