Елена Рыбакина Әбу-Даби турнирінің ширек финалында ойнайды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты,  деп хабарлайды BAQ.KZ turkystan.kz сілтеме жасап.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркеліп, додаға екінші айналымнан қосылған қазақстандық теннисші кезінде дүниежүзілік рейтингте көш бастаған, қазіргі уақытта 20-орында тұрған чехиялық Каролина Плишковамен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар екі мәрте кездесіп, екеуінде де Е.Рыбакина басым түскен еді.

Бұл жолы Елена бірден брейк жасады – 1:0. Сет біткенше сол қарқынынан айырылған жоқ – 6:4.

Екінші партияда да қазақстандық теннисші брейкпен алға шықты – 3:1. Сосын есепті 5:1-ге жеткізді. Ақыры матчты эйспен бітірді – 6:2.

Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Е.Рыбакина 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 8 эйспен көзге түсті.

Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 14-ракеткасы, бразилиялық Беатрис Хаддад Майя немесе тағы бір қазақстандық, рейтингте 45-орындағы Юлия Путинцеваның біреуімен таласады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Vesti.kz.
Өзгелердің жаңалығы