Электросамокат мінгендер жол ортасында төбелесті – Полиция қатаң шара қолданбақ
Алматыда тағы да электросамокат дауы шықты. Абай мен Момышұлы қиылысында екі ер адам жанжалдасып, төбелеске ұласты. Полиция оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп, қатысушыларды жауапқа тартпақ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматыда Абай мен Момышұлы көшелерінің қиылысында электросамокат мінген екі ер адамның арасында жанжал шықты. Куәгерлердің айтуынша, ер адамдар жолға байланысты келіспей қалып, сөз таласы төбелеске ұласқан.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл дерекке қатысты ресми түсініктеме берді.
Аталған дерек бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Тротуарда орын алған жанжалға қатысушылар ұсталып, заң аясында қатаң жауапкершілікке тартылатын болады. Олардың әрқайсысының әрекетіне принципті түрде құқықтық баға беріледі. Мұндай құқықбұзушылықтарға жол беруге болмайды деп есептейміз және оларды қатаң түрде тоқтатамыз, – делінген ведомство хабарламасында.
Полиция мұндай тәртіпсіздіктердің алдын алу үшін қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда самокат мінген жігіт өзіне ескерту жасаған ер адамның көзін шығарған болатын.
Еске салайық, 11 қыркүйекте Алматыда қазанның аяғына дейін электрсамокаттарға арналған пилот тұрақтар іске қосылатыны белгілі болды.
Тағы да оқыңыз: Алматы көшелеріндегі қаптаған самокат мәселесі қалай реттелетінін жазған едік.