Электрондық қаржы орталығында 566 млн теңгеге бұзушылық анықталды

«Электрондық қаржы орталығы» АҚ қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жоғары аудиторлық палатада «Электрондық қаржы орталығы» АҚ қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит қорытындысы шығарылды. Тексеру барысында мемлекеттік қаржы саласындағы ақпараттық жүйелерді дамыту және сүйемелдеу бойынша жұмыс бағаланды.

Бюджет ресурстарын басқаруда цифрлық шешімдер енгізу – Қазақстанда болып жатқан цифрлық трансформацияның маңызды құрамдас бөлігі. Заманауи технологиялар қаржы ағынын үздіксіз бақылауға, адами факторды азайтуға және басқару шешімдерін қабылдау үшін аналитикалық негіз алуға мүмкіндік береді.

Бұл бағыттағы негізгі оператор – Қаржы министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы «Электрондық қаржы орталығы» АҚ.

Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит барысында назар аударуды және оларды жою бойынша шаралар қабылдауды талап ететін бірқатар кемшіліктер мен мәселелер анықталды.

Мәселен, стратегиялық басқаруда олқылықтар бар: 2023-2024 жылдардағы даму жоспарларының орындалуы туралы есептілік жоқ, жекелеген көрсеткіштер орындалмаған, ішкі аудит қызметінің іс-шаралары толық орындалмайды не мерзімдері сақталмайды.

Бюджет процесінің интеграторы ретінде ЭҚО жұмысы қанағаттанарлық деп бағаланады, алайда ұйымның ішкі нормативтік құжаттары жаңартылмаған. Бұл жүргізілетін жұмыстың тиімділігін шектеуі мүмкін.

Қызметтер құнын есептеуде ЭҚО әртүрлі тәсілдерді қолданады. Аудиторлардың пікірінше, қате баға белгілеу тәуекелдерін азайту үшін баға сараптамасын жүргізу және жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді бөлек есепке алуды қамтамасыз ету қажет.

Тексеру барысында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесіне көп көңіл бөлінді. Сүйемелдеудегі, сенімгерлік басқарудағы ақпараттық жүйелер, сондай-ақ «Электрондық коммерциялық сатып алу» АЖ бойынша негізгі ақпараттық қауіпсіздік талаптары бұзылған.

Кейбір ақпараттық жүйелер толыққанды жұмыс режимінде қолданылады, дегенмен олар ресми түрде әлі де тәжірибелік жұмыс сатысында.

Сонымен қатар бірқатар қолданыстағы цифрлық жүйелердің жұмысына рұқсатсыз араласу мүмкіндігі бар. Аудит барысында «Электрондық мемлекеттік сатып алу» ақпараттық жүйесіне техникалық өзгерістер енгізудің 600-ден астам жағдайы анықталды. 

Мысалы, тәжірибе мен рұқсат құжаттарын тексеруді өшіретін өзгерістер енгізілген. ЭҚО-ның осы бағыттағы тәсілдері бақылауды жетілдіруді және күшейтуді талап етеді.

Ақпараттық жүйелердің сапалы және қауіпсіз жұмыс істеуі үшін Қаржы министрлігі ЭҚО қызметіне көбірек көңіл бөлуі қажет.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша 566 млн теңгеге қаржылық бұзушылық анықталды.

Қаражатты тиімсіз жоспарлау және пайдалану 13,5 млрд теңге болды.

Жоғары аудиторлық палата анықталған мәселелер бойынша қажетті ұсынымдар мен тапсырмалар берді. Олардың орындалуы бақылауда болады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы