Электронды үкімет онлайн сервисті дамыту бойынша 8-орында

Қазіргі уақытта электронды үкіметте 627 қызмет пен сервис түрі жұмыс істейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов айтты.

«Цифрлық нотариат» жобасы - бұл жаңа кезең. Мұндай жобалар көбейеді және әр салада цифрландыру жүзеге асырылады деп үміттенеміз. Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің 92% автоматтандырылған, 20-ға жуық құжат түрі бар. Өткен жылы электронды үкіметті дамыту бойынша БҰҰ рейтингінде 28-орынды, сондай-ақ онлайн-сервистерді дамыту бойынша 8-орынды иелендік,-деді вице-министр Әсет Тұрысов.

Сондай-ақ, брифинг барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов министрліктің мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыстардың іске асырылып жатқанын жеткізді.

Вице-министрдің айтуынша, қазіргі кезде халыққа қызмет көрсетудің жаңа тренді бар, бұл – проактивті форматта қызмет көрсету. Әлеуметтік-еңбек саласында 45 мемлекеттік қызметтің 23 түрі проактивті форматқа ауыстырылды.

Бүгінгі таңда әлеуметтік-еңбек саласында адам туғаннан бастап өмірден озғанға дейін 45 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Соның 43-і немесе 95% тек электрондық түрде ғана алуға мүміндік бар. 2022 жылдың қорытындысы бойынша министрлік тарапынан 13,8 млн қызмет көрсетілсе, оның 11,2 млн-ы, яғни 81% пайызы электронды түрде ұсынылған.

Былтыр 1,1 млн азамат жәрдемақыларды проактивті түрде ала алды. Яғни, қызмет алушылар мемлекеттік органдарға немесе ХҚКО-ға, әкімдіктерге жүгінбестен, үйде отырып, СМС хабарламаға жауап беріп, қызмет ала алды. Осы бағыттағы жұмыс да жалғасады. 2023 жылы бірнеше қызметті проактивті форматқа ауыстыру және олардың көлемін арттыру жоспарланып отыр,- дейді спикер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ОКҚ
Өзгелердің жаңалығы