Электронды келісімшарттар мен меншік құқығы: Жаңа Азаматтық кодекстің өзгеруіне заңгерлер маңызды ұсыныс жасады
Жаңа Азаматтық кодекс азаматтардың құқықтарын қорғауға қалай әсер етеді? Заңгерлер құжатта ескерілуі тиіс маңызды мәселелерді атады.
Қазақстанда жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу барысында азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге, міндеттемелік құқықты жаңғыртуға және цифрлық экономика талаптарын ескеруге басымдық беру қажет. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының ғылыми қызметкерлері пікір білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу жөнінде бастама көтерген болатын. Заңгер-ғалымдар бұл бастаманы қолдап, азаматтық заңнаманы заман талабына сай жаңарту құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге, азаматтар мен ұйымдардың мүдделерін қорғауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистика және құқықтық терминология орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты Елеужан Серімовтің пікірінше, жаңа Кодексті әзірлеу кезінде азаматтық құқықтарды жүзеге асыру және қорғау тетіктерін жетілдіру негізгі бағыттардың бірі болуы керек.
Оның айтуынша, азаматтардың белгілі бір құқықтарының заңнамада бекітілуі олардың іс жүзінде толық қорғалуына өздігінен кепілдік бермейді. Сондықтан жаңа заңнамада құқықтарды жүзеге асырудың шектері, оларды қорғау шарттары және азаматтық қатынастарға қатысушылардың теріс пиғылды әрекеттерінің құқықтық салдары нақты айқындалуы қажет.
Азаматтық айналымға қатысушылардың адал әрекет етуі және құқықты теріс пайдалануға жол бермеу жөніндегі ережелерді одан әрі дамыту ерекше мәнге ие, – деп атап өтті заңгер.
Маманның пайымдауынша, меншік құқығын жүзеге асыру немесе шарттық міндеттемелерді орындау барысында бір тараптың әрекеті екінші тараптың заңды мүдделеріне негізсіз нұқсан келтірмеуге тиіс. Осыған байланысты жаңа Азаматтық кодексте азаматтық құқықтарды еркін жүзеге асыру қағидаты мен өзге тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау міндеті арасындағы тепе-теңдік қамтамасыз етілуі керек.
Ал ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институты Конституциялық заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты Ерлан Әбілғазин жаңа Кодексті әзірлеу кезінде міндеттемелік құқық институтын кешенді түрде қайта қарау қажеттігін алға тартады.
Оның пікірінше, міндеттемелік құқық азаматтар, кәсіпкерлер мен ұйымдар арасындағы мүліктік қатынастарды реттеуде маңызды орын алады. Бұл сала шарттарды орындау, келтірілген залалды өтеу, міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету және шарт талаптары бұзылған жағдайда туындайтын құқықтық салдарларды қамтиды.
Сондықтан қазіргі экономикалық даму жағдайында міндеттемелік құқық нормаларын жетілдіру өзекті болып отыр.
Цифрлық экономика заңнамаға жаңа талап қойып отыр
Ерлан Әбілғазиннің айтуынша, экономиканың дамуы, электронды коммерцияның кеңеюі және цифрлық өзара іс-қимыл тәсілдерінің көбеюі азаматтық заңнама алдына жаңа міндеттер қойып отыр.
Атап айтқанда, электрондық форматта шарт жасасу және оны орындау, міндеттемелердің туындау сәтін айқындау, тараптар арасындағы тәуекелдерді бөлу, сондай-ақ шарт талаптары тиісінше орындалмаған жағдайда жауапкершілікті белгілеу мәселелері қосымша құқықтық реттеуді қажет етеді.
Оның пайымдауынша, міндеттемелік құқықты жаңарту тек жаңа шарттық конструкцияларды заңнамаға енгізумен шектелмеуі керек. Міндеттемелер туралы жалпы ережелер мен шарттардың жекелеген түрлерін реттейтін арнайы нормалардың өзара үйлесімділігі де қамтамасыз етілуі маңызды.
Сонымен бірге кредитор мен борышкердің мүдделері арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет.
Міндеттемелік құқықты жүйелі түрде жетілдіру қатысушылар өздерінің құқықтарын, міндеттерін және қабылдаған шешімдерінің құқықтық салдарын дұрыс бағалай алатын анағұрлым болжамды құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп санайды заңгер-ғалым.
Осылайша, мамандардың пікірінше, жаңа Азаматтық кодексті әзірлеу кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау, азаматтық қатынастардағы адалдық қағидатын нығайту, шарттық міндеттемелерді реттеу және цифрлық экономиканың ерекшеліктерін ескеру өзара сабақтас бағыттар ретінде қарастырылуы керек.
Бұл өзгерістер азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын заң жүзінде бекітумен ғана шектелмей, олардың күнделікті өмірде және азаматтық айналымда нақты қорғалуына негіз болмақ.