Электрондық ақшаны пайдалану арқылы жасалатын операциялардың саны өскен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда Қазақстан нарығында жиырма бес электрондық ақша жүйесі жұмыс істеуде, олардың эмитенттері 10 банк және "Қазпочта" АҚ болып табылады.

2019 жылы мынадай сегіз жаңа электрондық ақша жүйесі жұмыс істей бастады: "Senim", "AlmaPay", "Onay Pay", "Onе Click", "КАЗЕВРОМОБАЙЛ", "Innoforce systems", "WebMoney Kazakhstan" және "Silkpay".

2019 жылы электрондық ақша жүйелерінің эмитенттері 572,8 млрд теңге сомасына электрондық ақша шығарды, бұл алдыңғы жылдың көрсеткіштерінен 10%-ға асады.

Электрондық ақша жүйелері арқылы 580,2 млрд теңге сомасына 174,9 млн транзакция (2018 жылмен салыстырғанда операциялар саны бойынша өсуі 29,5%) жүргізілді. Бұл операциялар жеке тұлғалардың арасындағы аударымдарды және заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің пайдасына тауарлар мен қызметтер үшін ақы төлеуді қамтиды.


Қазақстандық электрондық ақша жүйелері арқылы жүргізілген барлық операциялардың 65%-ы интернетте, 16%-ы – мобильдік қосымшалар арқылы, 19%-ы –электрондық терминалдар пайдаланыла отырып жүргізіледі.

Отандық нарықта қызметін жүзеге асыратын  жиырма бес электрондық ақша жүйесінің ішінде жиырма электрондық ақша жүйесінің операторлары төлем ұйымдары болып табылады. Осы электрондық ақша жүйелері арқылы 2019 жылы 410,4 млрд теңге сомасына төлемдер жүргізілді, бұл – барлық жұмыс істеп тұрған электрондық ақша жүйелері айналымының 70%-ы.

Нарықтың осы сегментінің 90%-ынан астамын иеленетін аса ірі электрондық ақша жүйелері: "Kaspi Bank", "VISA QIWI WALLET", "WOOPPAY", "Личная касса" және "W1 Kazakhstan".

Қазақстанда электрондық ақша интернет коммерцияға, коммуналдық қызметтерге, ұялы байланысқа, кредиттерді өтеуге және басқаларға ақы төлеу үшін пайдаланылады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы