Электромобильдерге арналған инфрақұрылымдық жол картасы бекітілді

ИИДМ-де электрлі қозғалтқышы бар көліктерге арналған инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жұмыстар туралы айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазір «Жасыл Даму» АҚ-ның бастамасымен еліміздің ірі қалалары мен Алматы – Астана бағытындағы күре жолда электр жағармай құю стансаларының инфрақұрылымын дамытуға арналған жоба іске асырылды.

Осылайша, қазір Астанада электромобильдерді қуаттайтын 51 станса, Алматыда 52, сондай-ақ Павлодар мен Ақтау қалаларында және Астана – Щучинск бағытындағы автожолда бір-бір стансадан қойылған.

Бұдан бөлек елімізде жеке тұлғалар мен бизнес субъектілері орнатқан бірқатар жағармай құю стансасы жұмыс істеп тұр. Бұған қоса Қазақстанда жылдам қуаттайтын стансалар да бар. Мәселен, бас шаһардағы Talan Towers зәулім кешенінің аумағында 6 Tesla Supercharger қуаттау жүйесі көлік жүргізушілеріне қолжетімді.

ҚР Үкіметі электрлі көліктерге арналған инфрақұрылымды жақсарту жөніндегі шараларды қолдап келеді. Айталық, ЭҚС-ның желісін одан әрі қарқынды дамыту үшін Үкімет биылғы шілдеде 2029 жылға қарай республиканың ірі қалаларында электромобильдерге қажетті инфрақұрылымды құру жөніндегі жол картасын бекітті. Бұл құжат қажетті инфрақұрылымды жобалау мен орнатуды, электромобильдерді қуаттауға арналған отандық жабдықтарды өндіруді, сондай-ақ электр жетектегі көліктердің қуаттау стансаларына деген қажеттілігі мен оларды орналастыратын жерді айқындау бөлігінде нормативтік және техникалық талаптарды енгізуді көздейді.

Сондай-ақ электромобильдер мен тиісті инфрақұрылымды пайдалануды дамыту бойынша түрлі ынталандыру шаралары мен тетіктерін енгізу қарастырылады.

Бүгінде елімізде JAC iEv7S және KIA Ev6 электромобильдерін шығару ісі жолға қойылған. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша «СарыарқаАвтоПром» компаниясы 2016 жылдан бастап 140 электромобиль шығарған.

Бұдан басқа 2024 жылдан бастап Hyundai Trans Kazakhstan ЖШС Hyundai Ioniq маркілі электр көлігінің өндірісін іске қосуды жоспарлап отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ИИДМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы