Электромобиль өртенсе, оны сөндірудің тәсілдері қандай
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров жалпы отырыста электромобильдердің жанып жатқаны жайлы ақпараттар жиі айтылатынына назар аударып, оны сөндірудің тәсілдері қандай екенін ТЖМ-нен сұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәжілісте депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық таза көлікті танымал ету және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда талқылады.
Бүгінгі таңда электромобильдер қала көшелерінде, автотұрақтарда немесе тұрғын үйлердің автотұрақтарында жанып жатыр деген ақпарат көп. Бензинмен немесе дизельмен жұмыс істейтін іштен жану қозғалтқышы бар көлікке қарағанда электромобильдердің өртін сөндіру қиынырақ деген пікір бар. Өйткені қайта тұтынып кетуі ықтимал, - деді депутат.
Сөзінше, мысалы, кейбір елдерде көлік жанған кезде сенімді сөндіру тәсілімен жануына жол бермеу үшін көлікті су толтырылған контейнерге салады.
Біздің өрт сөндіруші қызметіміздің қандай тәсілдері бар? ТЖМ жүйесі жаңа сын-қатерлерге дайын ба? Осындай өрт түрлеріне қарсы күресте қандай технологияны пайдаланады? – деп сұрады Ескендіров ТЖМ өкілінен.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов депутаттың сұрағына жауап берді.
Көкшетау қаласындағы Азаматтық қорғау академиясында ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Соның нәтижесі бойынша екі тәсілді қолданамыз. Олар – су және ұнтақ. Қазір өрт сөндіру ережелеріне өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бұл жерде басқа елдердің де тәжірибесін қарап отырмыз. Мұнда литий-ионды батареялар өзін қалай көрсететінін білуіміз керек. Бүгін ондай төтенше жағдайлар болып жатса, біз оны сөндіруге, оқшаулауға дайынбыз, - деді вице-министр.
ТЖМ өкілінің айтуынша, елімізге электромобильдер кіргізілгелі бері екі жағдай ғана болған.
Бұл оқиғалар 2022 және 2023 жылдары болды. Біреуі Zeekr болса, екіншісі Tesla. Бірінші өрт болған кезде оны ұнтақпен сөндірген, - деп түсіндірді Бауыржан Сыздықов Мәжілісте.