8 Қыркүйек 2026, 17:31 Фото: Sascha Thelen/dpa

Электр желілерін істен шығармақ болған: Германияда күдікті ер адам ұсталды

Күдікті шабуылдарға қатысы барын хат арқылы мойындаған. Полиция оның ізіне түсіп, Ахен маңында ұстады.

Германия полициясы елдің энергетикалық жүйесіне бірқатар диверсия жасады деген күдікпен 48 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы dpa агенттігіне тергеуге жақын дереккөздер хабарлаған.

Күдікті Германияның батысындағы Ахен қаласына жақын Вайсвайлер электр станциясы маңында қолға түскен. Полиция оны бірнеше күн бойы іздеген.

Шабуылдарды өзі мойындаған

Тергеу мәліметінше, ер адам электр желілеріне жасалған шабуылдарға қатысы барын мойындаған хаттарды БАҚ өкілдері мен құқық қорғау органдарына жіберген.

Хаттарда қазба отыннан электр энергиясын өндіру сыналып, оның әрекеттеріне климаттың өзгеруіне қатысты уәж себеп болғаны айтылған.

Электр желілерін қысқа тұйықтауға тырысқан

Алдын ала болжам бойынша, күдікті жоғары кернеулі электр желілеріне жұқа сым тарту үшін жарылғыш құрылғыларды пайдаланған.

Соның салдарынан өткен аптада Солтүстік Рейн-Вестфалия мен Бранденбург жерлеріндегі екі нысанда қысқа тұйықталу болған. Алайда электрмен жабдықтауда үзіліс тіркелмеген.

Дүйсенбі күні Вайсвайлер электр станциясының маңындағы жоғары кернеулі желіден тағы бірнеше жарылғыш құрылғы табылды. Тергеушілер сол жерден шабуылды мойындаған тағы бір хатқа да тап болған.

Саксонияда 21 жарылғыш құрылғы табылды

Саксония жерінде кемінде 21 қолдан жасалған жарылғыш құрылғы анықталып, залалсыздандырылды.

Полиция мен прокуратураның мәліметінше, құрылғылар жоғары кернеулі электр желілерін қысқа тұйықтап, оларға зақым келтіруге арналған. Алайда электр желісіне нақты зиян келмеген.

Күдіктінің пәтерінен жарылғыш заттар табылған

Күдіктіні іздеу барысында оның Гевельсберг қаласындағы пәтерінен жарылғыш заттар табылған.

Кейін арнайы жасақ Нидерцир маңындағы орманда тұрған жүк көлігін тексерген. Көлік автодомға қайта жабдықталғаны анықталғанымен, іздеуде жүрген ер адам оның ішінен табылмаған.

Қазір күдікті ұсталды. Оған қатысты тергеу жалғасып, оқиғалардың барлық мән-жайы анықталып жатыр.