Электр қуатына сұраныс артпаса, кемімейтіні белгілі – депутат

Мұндай пікірді Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың ойынша, АЭС салу - заманның талабы.

АЭС - өте жоғары технология. Қазіргі таңда 30 мемлекетте 200-ден астам АЭС бар. Сол станцияларды 400-ден астам реакторлар жұмыс істейді. Біз АЭС дегенде “Чернобыль” мен “Фукусиманы” еске аламыз. Алайда аталған елдер АЭС-тен бас тартып отырған жоқ. Көршіміз Қытай елі алдағы 10 жылдықта 50 реактор салайын деп жатыр, – деді Бейсенбаев.

Ол елінде 50-ге жуық реактор бар Франция да жақында ғана миллиондаған шетелдікті елінде қабылдап, Олимпиада ойындарын өткізгенін мысалға келтірді. Оған қоса, Бейсенбаев Қытайды да мысалға алды. Ол осыдан 12 жыл бұрын Бейжіңде болған. Сол кезде онда демалатын ауа болмаған. Себебі өнеркәсіптің барлығы көмірмен жұмыс істейтін. Олар энергетика мәселесімен қоса, экология проблемасын да АЭС салу арқылы шешкенін айтты. 

Бейсенбаевтың сөзінше, қазір Бейжің - экологиясы ең таза қалалардың бірі.

Оңтүстік өңірде қазірдің өзінде энергия тапшылығы байқалып отыр. Алдағы уақытта электр қуатына сұраныс артпаса, кемімейтіні белгілі. Оңтүстікке инвестор тарту мүмкін емес. Өйткені біз оларға жер және басқа да қажетті инфрақұрылымды бере аламыз. Бірақ электр қуатымен қамтамасыз ете алмаймыз. Кез келген зауыт пен өндіріске керегі ол электр қуаты. Сондықтан елімізге Атом электр станциясын салу қажет. Бір реактордың өзі 2500- 3000 МВт тұрақты энергия береді. Кез келген инвестор күннің не желдің энергиясы үшін келмейді. Инвесторларға тұрақты энергия көзі қажет. Сол себепті әлемдік әйгілі компанияларды тартқымыз келсе, бізге тұрақты энергия көзі қажет, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы