Жеке тұлғаларды электрмен жабдықтауға қосу үшін шарт жасасу рәсімі жеңілдетілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұрын электрмен жабдықтауға шарт жасасу үшін тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға 9 құжат ұсынып, оған қол қою үшін жеке келуі қажет болған. Бұл ретте, тұтынушы құжаттардың бір бөлігін энергия беруші ұйымнан алатын, деп хабарлады ҚР ЭМ баспасөз қызметі.
"Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің кейбір бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2020 жылғы 6 ақпандағы № 43 бұйрығымен (бұдан әрі - Бұйрық) тұтынушылар, энергиямен жабдықтаушы және энергия беруші ұйымдардың арасындағы өзара қарым-қатынастарға кейбір өзгерістер енгізілді.
Бұрын электрмен жабдықтауға шарт жасасу үшін тұтынушы энергиямен жабдықтаушы ұйымға 9 құжат ұсынып, оған қол қою үшін жеке келуі қажет болған. Бұл ретте, тұтынушы құжаттардың бір бөлігін энергия беруші ұйымнан алатын. Осы өзгерістерден кейін тұтынушы тек энергия беруші ұйымға барып, оған 7 құжатты (оның ішінде тек 5 құжатты тұтынушы береді, ал қалған құжаттарды энергия беруші ұйым береді) тапсырады. Сондай-ақ, тұтынушылар шарт талаптарын бұзған жағдайда, электр энергиясын беруді тоқтату туралы хабарламаны алу тәртібі де өзгертілген, - деп атап өтті ҚР ЭМ баспасөз қызметі.
Бұл жерде, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар алдындағы қарыздары үшін кейіннен электр энергиясын беруді тоқтату туралы тұтынушыны хабардар ету мәселесі жаңалық емес екенін атап өту қажет.
Электрмен жабдықтау шартының талаптарын бұзғаны үшін электр энергиясын өшіру туралы тұтынушыны хабардар ету тәсілі ғана өзгерді.
Бұрын тұтынушыны хабардар ету үшін оның хабарламаны алғанын растау, сондай-ақ хабарламаны жеткізу тәсілін таңдау шектеулігі болатын, яғни тек түбіртекпен ғана мүмкін болғандықтан, осы өзгерістер қажет болды.
Бұның бәрі тұтынылған электр энергиясы үшін төлеуден бас тартушы жосықсыз тұтынушылар санының өсуіне ықпал етті. Соның салдарынан, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар алдындағы тұтынушылардың дебиторлық берешегі ай сайын өсуде. Бұл жағдай энергия өндіруші және энергия беруші ұйымдар алдында энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың дебиторлық берешегінің ұлғаюына әкеп соқты. Енді тұтынушылар кем дегенде 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде электр энергиясын жеткізуді тоқтату (шектеу) туралы хабарлама алу түрін (электрондық поштамен, факспен, пошта арқылы, қысқа мәтін хабарламамен, мультимедиялық хабарламамен, қолданыстағы мессенджермен) өздері таңдайды, - делінген ведомство хабарламасында.
Шартты түрде, тұтынушы электр энергиясын 1 мен 31-қаңтар аралығында тұтынады, энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынылған электр энергиясы үшін 15 ақпанға дейін шот ұсынады және тұтынушыда 25 ақпанға дейін оны төлеуге уақыты болады. Егер тұтынушы 25 ақпанда электр энергиясы үшін төлемесе, онда энергиямен жабдықтаушы ұйым тұтынылған электр энергиясы үшін төлеу қажеттілігі және төленбеген жағдайда хабарламаны алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде өшірілетіні туралы хабарлама жібереді.
Бұл ретте атап өту қажет, осы ережелер қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған шарттық қарым-қатынастарға олар қолданылмайды, яғни, тұтынушы шартты қайта жасамаған болса, бұл өзгерістер оған қолданылмайды.
Өз кезегінде, электрмен жабдықтау шарттары қолданыстағы шарттың мерзімі өткеннен кейін қайта жасалады.
Шартты қайта жасау туралы өтініш бермеген тұтынушылар электрмен жабдықтау ұйымымен электрмен жабдықтау туралы шарт жасасу кезінде қолданыста болған тәсілмен хабарланатын болатынын түсіну қажет.
Сондай-ақ, электр энергиясын тұрмыстық қажеттіліктер үшін пайдаланатын тұтынушылар үшін электр энергиясын беруді тоқтату туралы хабарламаның мерзімдері сақталғаны маңызды болып табылады.