Электр энергиясын өндірушілер үшін көтерілген тариф коммуналдық төлемдердің өсуіне әсер ете ме?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Энергетика вице-министрі Қайрат Рахимов жауап берді. 

Оның айтуынша, тұтынушылар үшін тариф мөлшерін бекіту Ұлттық экономика минстрлігінің құзыретіне кіреді. 
Энергетика министрлігі өндірушілер үшін шекті тариф мөлшерін бекітеді. Біздің минстріліктің құзыретіндегі мәселе болмаса да атап өтейін, электр энергиясы тарифінің өсуінен оны тұтынушы кәсіпорындардың шығыны артуы мүмкін. Бірақ жауапты ведомство әр кәсіпорын, тұтынушының шығындарының жағдайын жеке қарастырып, жеке тәсіл қолдануы тиіс, - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың қыркүйегінде 45 энергия өндіруші ұйымның 37-сі өздерінің заңды құқықтарын пайдаланып, Энергетика министрлігіне өтінімдер енгізді. Берілген өтінімдер бойынша шекті тарифтердің өсуі 36% деңгейінде болжанды. Жүргізілген жұмыстар мен талқылаулардың нәтижесінде шекті тарифтердің мәлімделген деңгейі екі еседен астам төмендетілді. 

Жұмыс қорытындысы бойынша биыл 30 наурызда Энергетика министрінің тиісті бұйрығымен тарифтер түзетілді. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізілуі тиіс. Қазақстан бойынша энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтері орта есеппен 15% деңгейінде өседі деп болжануда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы