Электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтердің сақталуын қамтамасыз ету керек – министр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында айтты.
Сонымен қатар бүгінгі күні электрондық сауда алаңдарынан тыс ішкі нарыққа сұйытылған газды жеткізу жоспарын қалыптастыру қағидаларына түзетулер енгізу бойынша бұйрық әзірленді. Бұл түзетулер республика аумағында көтерме және бөлшек саудада өткізу құқығы бар субъектілердің тізбесін кеңейту арқылы елдің ішкі нарығын сұйытылған газбен қамтамасыз етуге бағытталған, - деді ол.
Министр қысқамерзімді шаралар ретінде осы жылғы қаңтар айының соңына дейін Үкіметке сұйытылған мұнай газы бағасының күрт өсуін шектейтін ашықтық қағидаттары мен тетіктерді енгізу қажет екенін жеткізді.
Электрондық сауда алаңы, тауар биржалары арқылы сұйытылған газ сауда-саттығын одан әрі жетілдіру жөнінде кешенді шаралар енгізіледі. Үкіметпен келісілгеннен кейін бұл шаралар нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізу түрінде ресімделеді.Мемлекет басшысының коммуналдық көрсетілетін қызметтер бағасының өсуіне мораторий енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында энергия өндіруші ұйымдардың электр энергиясын өндіруге арналған шекті тарифтер деңгейінің сақталуын қамтамасыз ету қажет, - деді Ақшолақов.
Ол атағандай, станция шығындарының 50 пайыздан астамы отынды – газды, көмірді сатып алуға және оларды тасымалдау қызметтеріне, оның ішінде теміржол арқылы тасымалдау қызметтеріне жұмсалады.
Шекті тарифтердің деңгейлерін сақтау үшін отын және оларды тасымалдау бағаларының сақталуын қамтамасыз ету қажет. Бұл шаралар келесі күзгі-қысқы кезең үшін жөндеу науқандарының тұрақты өтуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді Болат Ақшолақов.