Елімізде ауаның ластануы жыл сайын 100 мың тоннаға артып келеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев сейсенбідегі Үкімет отырысында Экологиялық кодекс жобасын таныстырды.
Оның сөзінше, 2018 жылдың қорытындысы бойынша атмосфераға ластаушы заттардың шығарындылары – 2,5 млн тоннаны, ал жыл сайынғы өсуі 100 мың тоннаны құрап отыр. Оның ішінде электр энергетикасына – 940 мың тонна, тау-кен металлургия секторына – 760 мың тонна, мұнай өндіруге – 520 мың тонна, көлік пен ауыл шаруашылығына 320 мың тонна тиесілі.
Өңірлердегі шығарындылардың негізгі үлесі Қарағанды және Павлодар облыстарына тиесілі. Тиісті шаралар қабылданбаған жағдайда, 2030 жылы болжам бойынша ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаға дейін өседі, - деді Мағзұмов.
Министр парниктік газдардың шығарындыларына тоқталды.
Париж келісімі бойынша Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын 2030 жылға қарай 1990 жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендетуге міндеттеме алды. Алайда, бүгінде еліміздегі парниктік газдардың шығарындылары осы деңгейден жоғары болып отыр. Экономикалық өсуді ескерсек, парниктік газдар шығарындыларының көлемі тек өседі деп болжанады. Парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша қажетті шаралар қабылдау үшін министрлік герман тарабының қолдауымен 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуге кірісті, - деді ол.Бұған дейін, бүгін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен "Қазавтожол" компаниясына ауа райына байланысты жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырған болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы