Елдос Сметов ұлттық ұлан сарбаздарымен кездесті

Тараз қаласындағы Ұлттық ұланының "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығына қарасты 5513 әскери бөлімінде ерекше шара өтті. Париж Олимпиадасының чемпионыЕлдос Сметов құқықтық тәртіп әскерінің сарбаздарымен жүздесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл кездесуге Елдос Сметовпен бірге оның бапкері Ғалымжан Жылгелдиев және Жамбыл облысы "Динамо" спорт қоғамы қоғамдық бірлестігінің орынбасары Жомарт Ысқақ та қатысты.

Еркін форматтағы жиында даңқты дзюдошы өзінің спорт саласындағы тәжірибесімен бөлісті. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының спорт командасын даярлау орталығының әскери қызметшісі, майор Елдос Сметов ұландықтарға өзінің спорттық мансабының бастауынан бүгінгі жеңістеріне дейінгі қызықты жолын баяндап берді. Ол жеңіске жетудің негізгі қағидаттары – тәртіп, еңбекқорлық және табандылық екенін ерекше атап өтті.

Алдарыңызға қойған үлкен мақсаттар бар, сол мақсаттарға қол жеткізу үшін өмірдегі барлық қиыншылықтар мен ауыртпалықтардың бәрінен өту керек. Жетістікке жеткен кез келген адам оңай жолмен жеткен емес. Оны мен өз тәжірибемнен айтып отырмын. Барлығы да төккен тер мен еткен еңбектін нәтижесі, - дейді Елдос Сметов.

Шара барысында Олимпиада чемпионы дзюдо спортындағы ерекше әдіс-тәсілдерін көрсетті. Жас ұландар чемпионның әрбір қимылын мұқият бақылап, спортқа деген қызығушылықтарын одан әрі арттырды. Сонымен қатар, сарбаздар чемпионға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оның кеңестерін тыңдады.

Кездесуде бапкер Ғалымжан Жылгелдиев те сөз сөйлеп, Елдостың жеңіске жету жолындағы ерен еңбегі мен ынтасын ерекше атап өтті.

Дзюдодан алғашқы олимпиада алтыны. Бұл деген үлкен мәртебе, мақтаныш! Жеңістің жалауы Таразға келуі бекер емес. Себебі киелі жерден кезінде Жақсылық Үшкемпіров ағамыз да олимпиада чемпионы атанған болатын, - деді бапкер.

Ал Жомарт Ысқақ спорт пен тәртіптің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы айтып, жас ұландарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталған мұндай іс-шаралардың рөлі зор екенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы