Елдос Оразалин: Полиция қыметкері болуды берік мақсат еттім

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше саланың жұмысын үйлестіріп отырған полиция подполковнигі бірде психолог, бірде медиатор болатын әмбебап полицейлердің стресске төзімді болуы басты қажеттілік екенін айтады.   

Учаскелік полиция инспекторының, кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын инспектордың, әкімшілік полицияның, одан қалды қосауыз мылтығын асынып аңға шығатын аңшының қаруын лицензиялайтын полиция қызметкерлерінің жұмысымен біріміз тікелей,енді біріміз сырттай таныс екеніміз рас. Төрт сала қызметкерлері де халыққа етене жақын жұмыс істейтін әмбебап полицейлер. Өздерінің тікелей міндеттерінен бөлек, бірде психолог, бірде медиатор болатын олар стресске ерекше төзімді болуы қажет. Мұны біз бүгін әңгімеге тартқан Өскемен қаласындағы Ертіс полиция бөлімі бастығының орынбасары Елдос Оразалин айтады. Халықпен тығыз байланыста жұмыс істейтін полицияның төрт білдей саласын басқаратын полиция подполковнигі қызметтік жолын учаскелік инспектордан бастаған. Өз саласының маманы болу жолында тәртіп сақшысы қызметінің қызығы мен шыжығын қатар көрген ол үйретерінің де, өзгелерден үйренерінің де әлі көп екенін алға тартты. 

Полиция қыметкері болуды берік мақсат еткен

Абай ауданының Архат ауылында туып-өскен ол бала кезінен-ақ форма киюді арман еткенін айтады. Жақын туғандары әскери адамдар болмаса да, нағашы ағасы құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Қонаққа келген сайын оның формасы мен малақайын киіп, айнаның алдынан шықпайтын бала Елдос өсе келе осы қызметке кетуді түптеп шешкен.

Бала кезімнен ата-әжеміздің еркесі болып өстім. Әке-шешем Семейде тұрды. Үйдің үлкені болғандықтан шығар, мені туа сала ата-әжем бауырында басқан екен. Ауылда атқа мініп, шалғында аунап-қунап өскендікі болар, бала кезімнен спортқа жақын болдым. Күреспен айналыстым. Алтыншы сыныптан бастап ата-әжеміз марқұм болған соң Семейдегі әке-шешемнің қолына келдім. Отбасымызда бала тәрбиесіне әкеміз жұмсақ, анамыз қаталдау болғаны рас. Бірде ол "Балам өстіп жүресің бе? Бір спорт түрімен айналыссаңшы" деді. Осылайша, Семейде алғаш рет кекусинкай каратэ спортымен айналысуды бастадым, - деп сөзін жалғады Елдос Оразалин.


Полиция қыметкері болуды берік мақсат еткен ол орта мектепті тәмамдаған соң Қостанайды бетке алады. 

Бірде психолог, бірде медиатор...

Полициядағы қызметтік жолым 2002 жылы басталды десем де болады. Өйткені осы жылы орта мектепті тәмамдап, Ішкі істер министрлігінің Қостанай қаласындағы Заң институтына оқуға түстім. 2006 жылы академияны ойдағыдай аяқтап Бородулиха ауданының Жаңа Шүлбі кенттік округіне қарасты Песчанка ауылына учаскелік инспектор болып келдім. Сол жерде жұбайыммен таныстым. Бір жылдай жұмыс атқарған соң Шемонаиха ауданына учаскелік полиция инспекторы қызметіне ауыстым, - дейді Елдос Серікбекұлы.

Полициядағы қызметін ерекше белсенділікпен бастаған Елдос, бір жылдары үздік учаскелік инпектор болып танылады. Оның осы жетістіктерін байқаған басшылық 2009 жылы оған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімі басшысының орынбасары қызметін ұсынады. Бірнеше саланы жұптастыра білген жас басшыға үш жылдан соң Шемонаиха ауданындағы әкімшілік полиция бөлімін басқару тізгіні тапсырылады.

Өз басы полициядағы қызметті учаскелік инспектордан бастаған дұрыс деп ойлайтын ол, бұл саланың үйретері көп екенін айтады. Оның айтуынша, нағыз полиция қызметкері стресске төзімді болуы керек. Қандай жағдай болмасын өзінің борышын ұмытпай, азаматтық позициясын ұстануы қажет. Ал бұған шыңдайтын нақты осы учаскелік полиция инспекторы қызметі. Халықпен үнемі қоян-қолтық қарым-қатынаста болатын учаскелік инспектор бірде психолог, бірде медиатор, бірде тергеуші, енді бірде криминалист маманға айналатын әмбебап полицей.

Учаскелік полиция инспекторы қызметіне жаңа кіріскен кезім болатын. Бірде адамның асылып қалғаны жайында ақпарат келіп түсті. Жайшылық жаныма криминалист, тергеуші, анықтаушы мамандар бірге ілесіп баратын іске дәл сол күні ешкімнің жолы түспеді. Кезекші бөлімде ешкімді таппаған соң бастыққа кірдім. Сол кезде бастығым менен "қайдан білім алып келдің?" деп сұрамасы бар ма? Оқу орнымды айтқаным сол еді, "жоғары білімің болса не кедергі? Барып істе" деді. Сол күні оқиға орнына барып, фактіні тіркеп, жұмысты жалғыз өзім істедім. Осыдан бастап полициядағы қызметке үйреніп кеттім, - дейді Елдос Серікбекұлы.

Үйренерім де, үйретерім де көп

Бүгінде қоластындағы 43 учаскелік инспектордың, 22 кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын инпектордың, екі қару-жарақ бойынша және бір әкімшілік іс-тәжірибе инспекторының жұмысын үйлестіретін Елдос басқаларға үйретерінің де, өзгелерден үйренерінің де көп екенін айтады.

2017 жылдан бастап Өскемен қаласына ауыстым. Ауыл мен қаланың арасындағы жұмыс екі түрлі екен. Мұнда қызу тіршілік. Үлкен қала болғандықтан күнделікті түрлі жағдайлар болып тұрады. Бөлімдегі қызметкерлерге үйретерімнің де, үйренерімнің де көп екенін түсіндім. Өйткені, қоластымда жұмыс істейтін инспекторлардың кейбірінің жұмыс өтілі менікінен де көп. Кабинетте қамалып отырамын деп айта алмаймын. Инспекторлармен бірге рейдке шығып, жедел-алдын алу шараларына қатысып кететін кездер де жиі болып тұрады, - деп қосты Елдос Оразалин.

   Елдос Оразалин отбасының бұл кәсіп еркшеліктерін  толық түсінетінін айтады.

Ішкі істер органдары қызметкерлерінің қай-қайсысының болмасын, бірінші кезекте берік тылы болуы қажет. Ол тылды өзіңнің отбасың, яғни жұбайың қамтамасыз ететіні белгілі. Ұл мен қызды тәрбелеп отырған отбасымыз. Жұбайымның кәсібі полиция қызметіне жақын болмаса да мені түсіне біледі. Таңның атысынан, күннің батысына дейін жұмыста жүретін қызметіме қарсылық көрсетіп көрмеген зайыбымды өмірдегі ең дұрыс таңдауым деп ойлаймын, - деп Елдос Оразалин сөзін тәмамдады.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: дереккөз
Өзгелердің жаңалығы