“Елдің үштен бірі жастар”: Олардың мамандық таңдауда жиі жіберетін қателіктері қандай?
Қазақстанда 14–35 жас аралығындағы жастар саны 6 миллионға жуықтап, ел халқының үштен бірін құрайды. Қазақстандық жастар әлеуеті мен жастар саясаты нәтижелері қандай, жастар арасында қандай мамандықтар сұранысқа ие және олар мамандық таңдауда қандай қателіктер жібереді? Халықаралық жастар күніне орай, осы және өзге де сұрақтарға жастар саясаты саласы сарапшысы, профориентолог Жасұлан Қуандық жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
- Қазақстан жастарының қазіргі әлеуетін қалай бағалайсыз?
- Жалпы Қазақстанда бүгінгі таңда 14-35 жас аралығында 6 миллионға жуық жас тұрады. Бұл – Қазақстандағы 30 пайызға жуық халық жастар санатына кіреді деген сөз. Бүгінгі таңда жастардың әлеуеті жыл сайын артып келе жатыр. Қазақстан жастарын бәсекеге қабілетті, көп тілді меңгерген, IT сауатты, сыни ойлау қабілеті бар, өзіне не керегін білетін деп бағалайтын едім.
Жыл сайын біздің жастар шетелден білімін шыңдап келіп жатыр. Елімізде де шетелдік мықты университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Сол жерде жастарымыз білім алып жатыр. Одан кейін жастар IT сауатты, жасанды интеллектіні меңгеруге талпынып жатыр.
Замандастарымнан шет тілдерін білетін көптеген жастарды көремін. Бүгінгі таңда ағылшын тілін білу трендке айналды. Әрбір екінші жас ағылшын тілін меңгерген десем, артық айтпаймын. Жалпы бүгінгі Қазақстан жастары бәсекеге қабілетті, әлеуеттері өте жоғары.
Қазір жастар арасында волонтерлыққа қызығатын жастар саны да артып келе жатыр. Бұл дегеніміз – азаматтық қоғамның, азаматтық белсенділіктің бір көрінісі. Сонымен қатар кәсіпкерлікке қызығатын жастар бар. Бүгінгі таңда кәсіп ашып, өзінің жұмысын жасап отырған, әлемді мойындатып жатқан қаншама білімді, кәсіби тұрғыдан дамыған, ғылым саласында жетістікке жеткен біршама жастар бар. Сондықтан Қазақстан жастарының бүгінгі әлеуетін өте жоғары деп бағалаймын.
- Мемлекеттік жастар саясатының ең табысты бағыты қандай?
- Енді бүгінгі таңдағы мемлекеттік жастар саясаты түрлі бағыттарда жастарды қолдау бойынша жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде білім беруді қолдау, кәсіби дамуды қолдау, жұмыспен қамту, кәсіп ашуды қолдау деген сияқты негізгі бағыттарды атап айтуға болады. Оның ішінде білім беру бағытында жыл сайын гранттар саны артып жатыр. Одан кейін әлемдік жетекші университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Қазақстан жастары шетелге шықпай-ақ әлемдік деңгейдегі білімді өз елінде алуға мүмкіндік алып отыр.
Мемлекет тарапынан жастардың жұмысқа орналасуына байланысты “Менің алғашқы жұмыс орным”, “Жастар тәжірибесі”, “Қоғамдық жұмыс” деген сияқты жұмыспен қамтуға байланысты түрлі жобалар жасалды. Одан бөлек, жұмыссыз жастарды жұмыстандыру мақсатында кәсіпкерлікке арнайы гранттар бөлінді. Мысалы, биыл дәстүрлі түрде жастар арасында бастаманы қолдауға бағытталған немесе өздері жасап жатқан жобаны ары қарай дамытуға арналған “Тәуелсіздік ұрпақтары” гранты берілді. Жалпы мемлекет тарапынан жасалып жатқан негізгі бағыттар – білім беру, кәсіби бағыттар, жастарды шыңдау.
- Қазіргі еңбек нарығында қандай мамандықтар жастар арасында ең сұранысқа ие?
- Бұл, бірінші кезекте, технология және IT саласы. Себебі мемлекет тарапынан IT саласына көңіл жоғары деңгейде бөлініп отыр. Білесіздер, биылғы жылды Президентіміз жұмысшы Жастар жылы деп жариялады, жұмысшы мамандықтарды барынша насихаттап жатыр. Одан кейін жастар арасында, әрине, денсаулық сақтау саласына, қызмет көрсету саласына қызығушылық жоғары. Одан кейін соңғы жылдары бізде педагог туралы заң қабылданып, олардың мәртебесі бекітілгеннен педагогикаға баратын жастар көбейді. Ол педагогикалық мамандықтардың беделінің артуын білдіреді. Бұрындары білесіз, ҰБТ-дан жоғары балл алған түлектер түрлі мамандық таңдайтын еді. Бірақ қазіргі статистикалық көрсеткіштер бойынша ең жоғары балл жинаған оқушылар көбіне педагогикалық мамандықтарды таңдайтынын көруге болады.
Cондай-ақ IT саласы, оның ішінде жасанды интеллект дамуына байланысты мамандықтарға жастардың сұранысы ерекше.
- Жастардың мамандық таңдауда жиі жіберетін қателіктері қандай?
- Мамандық таңдау бүгінгі таңда өте өзекті мәселе болып отыр. Себебі біздегі оқушылар тек қана 11-сыныпқа келген кезде ғана мамандық таңдау бойынша бас қатырады. Бірақ мамандық таңдау 5-6-сыныптан басталуы керек. Енді мамандық таңдауда негізгі жіберетін қателік бұл, әрине, жастардың тек қана мамандықтың атағына, айлығына немесе бүгінгі таңда қоғамдағы танымалдығына қызығу. Яғни көп жастар мамандықтың аты мен оның танымалдығын ғана біледі. Бірақ түптеп келгенде мамандықтың немен айналысатынын, қандай дүние жасайтынын көп жастар біле бермейді. Одан кейін бізде бүгінгі таңда ата-ананың ықпалы өте жоғары. Себебі бүгінгі жастар “болашақта қандай маман боламын” деп көп жағдайда бас қатырмайды. Өзгенің айтқанымен жүргенді дұрыс көреді. Ата-анасы айтқан мамандыққа барады. Себебі мамандық таңдауда жауапкершілік алу өте маңызды. Ал егер де ол болашақта мамандық дұрыс таңдауда қателік жіберсе, оған міндетті түрде бір кінәлі адам болу керек деген сияқты түсінік. Сондықтан “ата-анам айтқаннан кейін оқыдым” деп біреуге жауапкершілік арта салу өте оңай.
Бүгінгі таңда оқушылар мен ата-ана арасындағы байланыс өте төмен. Білесіз, қазір нарықтық заман, жұмыс деген сияқты. Статистикалық деректерге сүйенсек, 75 пайыз ата-ана баласы неге қызығатынын, қандай бағытқа баратынын білмейді екен. Яғни жалпы баламен байланыс құрып, оның не қызығушылықтары бар, болашақта қандай жоспары бар, ата-ана ол бойынша сөйлесе бермейді. Сондай да дүние бар.
Одан бөлек бүгінгі таңда оқушылар мен ата-ана нарықта қандай мамандық сұраныста екенін білмегендіктен, көп жағдайда қате жібереді. Бізде енді қанша мамандық шығып жатыр, бірақ дәрігер болу немесе жаңағыдай мұғалім болу деген сияқты мамандықтар әлі күнге дейін өзінің маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Себебі біздің ата-анамыз сондай мамандықтарды дұрыс көреді, басқа мамандыққа қарағанда. Мысалы, кейде маған консультацияға келген кезде оқушылар, ата-аналар мамандықтың атын оқып, оның немен айналысатынын білмей жатады. Тек атын көріп, бұл дұрыс емес мамандық деп ойлайды. Яғни мамандықтың ішіне қатты үңілмегеннен кейін мамандық таңдауда қателік жібереді. Енді бұл нәрсені шешу мақсатында бізде бүгін еліміздің әрбір мектебінде бір-бір арнайы кәсіби бағдар беруші мамандық штаты ашылды. Профориентологтар. Көп бала, ата-ана профориентологтар көмегіне жүгіне бермейді. Егер әр мектептегі профориентологқа барып, бір мезгіл бала мен ата-ана кеңес алса, бәлкім мамандық таңдаудағы қателіктің алдын алар еді.
– Бүгінгі Халықаралық жастар күні жастар саясаты үшін қаншалықты маңызды?
– Халықаралық жастар күні – Біріккен Ұлттар Ұйымының 1999 жылғы сессиясында, нақтырақ айтсақ, 17 желтоқсанда бекітілген. 2000 жылдан бері бұл дата халықаралық деңгейде аталып келеді. Бұл күн – жастардың үнін жаһандық деңгейде естуге, олардың талап-тілектерін білдіруге мүмкіндік беретін маңызды күн.
Біздің елде де былтырдан бастап осы күнге орай онкүндік декада ұйымдастырылып жүр. Әр өңірде жастарға арналған конференциялар, форумдар, сессиялар, тренингтер мен семинарлар өткізіледі. Бұл – жай ғана атаулы күн емес. Бұл – жастардың дамуына, өз ойларын ашық жеткізуіне жаңа серпін беретін маңызды кезең.
Бүгінде еліміздің әр өңірінде форумдармен шектелмей, кең ауқымды жастар фестивальдері де өтіп жатыр. Қазақ эстрадасының жұлдыздарының қатысуымен жастарға арналған мерекелік іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылуда. Бұл Халықаралық жастар күнінің ерекше мәнге ие екенін және жастар саясатына үлкен көңіл бөлініп жатқанын көрсетеді.
– Жастардың қоғамдық және саяси процестерге қатысуын арттыру үшін не істеу керек?
– Жыл сайын қоғамдық жұмысқа белсенді араласатын жастардың, волонтерлердің саны артып келеді. Қоғамдық-саяси өмірге араласуды біз заман талабына сай трендке айналдыруымыз керек. Бұл бағытта әлеуметтік желілерде блогерлер мен қоғамдық көшбасшылар арқылы ауқымды насихат жүріп жатыр. Соның нәтижесінде жастардың белсенділігі артып жатыр.
Қазір кез келген жас “қоғамға қызмет етемін, волонтер боламын” десе мүмкіндік жеткілікті. Жастар ұйымдарына, үкіметтік емес ұйымдарға немесе атқарушы органдарға барып, өз пікірін ашық айтуға болады. Әлеуметтік желілердің ықпалы да зор. Сол платформалар арқылы жастарды тарту қажет.
Сонымен қатар, жастардың бастамаларын қолдап, тың идеяларын жүзеге асыруға жағдай жасауымыз керек. Мемлекет тарапынан бұл бағытта қолдау бар. Мысалы, мектептерде өзін-өзі басқару ұйымдары құрылып, оқушыларды қоғамдық өмірге араластыру қолға алынған. Дебат қозғалыстары да дамып келеді. Бұл үрдіс жоғары оқу орындарында жалғасып жатыр: студенттік ұйымдар, дебат клубтары, түрлі жастар бірлестіктері жұмыс істеп тұр.
Волонтерлардың саны да артып келеді. Осы жұмыстарды жалғастырып, жастар арасында қоғамдық белсенділікті арттыруымыз қажет. Әлеуметтік желіде бұл бағытты танымал ету, яғни трендке айналдыру маңызды.
Қазір, мысалы, Алматыда "Таза Алматы", "Таза Қазақстан" сияқты жастар бастамалары белсенді түрде қолға алынып жатыр. Азаматтық белсенділік насихатталып жатыр. Осындай бастамаларды қолдау арқылы жастарға серпін беріп, олардың қоғамдық және саяси процестерге белсенді қатысуын арттыруға болады деп ойлаймын.