Елдің солтүстік пен шығыс өңірлеріне Ресей арқылы газ тарту мәселесі пысықталып жатыр
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Сондай-ақ ол елді одан әрі газдандырудың тікелей неге қатысты екендігін алға тартты.
Елді одан әрі газдандыру газ тасымалдау жүйесінің деңгейі мен жағдайына тікелей байланысты. Бүгінгі таңда газ құбырлары максималды қуатында жұмыс істеп тұр. Олардың көбі күрделі жөндеуді қажет етеді. Сондықтан жаңа нысандарды салу, ескілерін жаңғырту және жөндеу бойынша нақты жоспар болуы керек, - деп атап өтті Премьер-министр.
Осы орайда Үкімет басшысы тиісті ведомствоға тапсырма берді.
Осыған орай Энергетика министрлігіне әкімдіктермен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 шілдеге дейін Үкіметке Өңірлерді газдандырудың 2030 жылға дейінгі бас схемасының жаңартылған жобасын енгізуді тапсырамын, - деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ол елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандыруға тоқталып өтті.
Мемлекет басшысы елдің солтүстік және шығыс өңірлерін газдандырудың оңтайлы нұсқасын айқындау туралы тапсырма берді. Қазір екі нұсқа пысықталып жатыр. Бірі – Ресей арқылы газ тарту болса, екіншісі «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы. Бұл өте маңызды мәселе. Сондықтан кешіктіруге болмайды. Энергетика министрлігіне тиісті әкімдіктермен және «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 қыркүйекке дейін аталған нұсқаларға кешенді бағалау жүргізіп, келісілген шешімді енгізуді тапсырамын, - деді Үкімет басшысы.