Елдің ертеңнен үміті зор
Ұлытау облысында 140 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Электораттың шамамен 40 проценті облыс орталығында тұрады. Жезқазғандықтар үшін 33 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Ұлытау облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Облыс орталығындағы Достық үйінде орналасқан №233 сайлау учаскесінде 2288 сайлаушы тіркелген. Таңмен таласа таңдауын жасауға келген жұртшылықтың қарасы қалың болды, яғни, белсенділік жоғары. Сайлау учаскесінде дауыс берушілер үшін тиісті жағдай жасалған.
Жалпы Ұлытау облысы бойынша 141 мың 285 сайлаушы тіркелген. Оларға 134 сайлау учаскесі қызмет көрсетеді. Оның 77-сі қалалық, 57-і ауданда орналасқан. Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру барысында әзірге ешқандай тәртіп бұзу дерегі тіркелмегендігін айтады.
Сағат түскі 12-ге дейін үйден дауыс беремін деген сайлаушылардан өтініштер қабылданды. Дәл осы сайлау учаскесі бойынша олардың саны 11 адам. Ал, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бірнеше инватакси жасақталған.
Сонымен қатар Жезқазған қаласы бойынша қоғамдық көліктер күні бойы жолаушыларды тегін тасымалдауда.