Елдің дамуына жаңа серпін қажет болды – Қошанов Президенттің реформалары туралы
Әлем үшін осынау қиын кезеңде Қазақстан неліктен трансформация жолына түсті? Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов осы және өзге де мәселелер туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлықтау рәсіміне бір жыл толуына орай «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мәжіліс спикері Президент реформаларының алғашқы пакеті сонау 2019 жылы жарияланғанын атап өтті. Дәл сол кезде бейбіт жиналыстар туралы заң ырықтандырылып, саяси партияларды тіркеу процесі жеңілдетілді, халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы жарияланды.
Реформалардың қажеттілігі өзекті екені анық. Президент елде біраз мөлшерде теңгерімсіздік белең алғанын көрді. Біріншіден, саясаттағы ұзақ мерзімді монополия экономикалық тоқырауға әкеп соқты. Бәсекелестік жеткіліксіз болды. Реформалардың болмауы нарықтардың монополиялануына, меншік құқығының бұзылуына әкелді. Мұның бәрі бизнеске қолайсыз орта тудырып, кәсіптің экожүйесін бұзды. Сондықтан Тоқаев 2019 жылы «алдымен экономика, содан кейін саясат» идеологиясы ескірді, біз басымдықтарды өзгертіп жатырмыз деген болатын, – дейді Ерлан Қошанов.
Саясаткер атап өткен екінші маңызды фактор – қоғамның сұранысы. Халықтың 60 пайыздан астамы – тәуелсіздік ұрпағы. Ел-жұрт тек өз үнін жеткізіп қана қоймай, мемлекет басқаруға да араласқысы келетінін айтты.
Президент елді дамытып, инерцияны жеңу үшін жаңа серпін қажет екенін түсінді. Сондықтан Мемлекет басшысы жылдам нәтиже күтпестен саяси жүйедегі терең өзгерістерге батыл қадам жасады. Адамдарға нақты бағыт беріп, оларды шешім қабылдау процестеріне тарту қажет болды, – делінген сұхбатта.
Ерлан Қошанов сыртқы ынталандырушы күштерді де атап өтті.
Мемлекет басшысы өзінің мол дипломатиялық тәжірибесі мен әлемдегі жағдайды жақсы білуінің арқасында елдің шұғыл түрде өзгеріп, сыртқы дағдарыстарға дайын болуы керегін түсінді. Оның сыртқы саясатта атқарған орасан еңбегіне назар аударыңыз. Өткен бір жыл ішінде ол негізгі әлемдік көшбасшылармен жемісті келіссөздер жүргізіп, маңызды саммиттерге қатысты және ең беделді халықаралық платформаларда сөз сөйледі, – деді төраға.
Оның пікірінше, Тоқаев жаңа геосаяси жағдайда байланыстырушы, инвестициялық ахуалы қолайлы бейтарап юрисдикция бола алатын ел ретінде Қазақстанға жаһандық қызығушылықты арттырды.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы Әділетті Қазақстан тұжырымдамасы мен заңдардың жаңа қоғам құрудағы рөлі туралы пікірімен бөлісті.