Елдің белсенділігіне сүйсіндім – ресейлік бақылаушы

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайға ТМД ұйымы атынан келген ресейлік бақылаушылар кешегі сайлауда ешбір заңсыздыққа жол берілген жоқ деп санайды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. 

«Мен Ресейдің Челябі облысынан келген делегацияға жетекшілік еттім. Біз, әріптестерімізбен бірге Қостанай өңірінде тыныштық күні және сайлауда барлық заңдылықтардың орындалуын қадағаладық. Өзім саяси науқан қарсаңында қалада ілінген хабарландыруларға да мән бердім. Сонымен қатар, сайлау учаскелерінің маңайын қарауды да назардан тыс қалдырмадық. Күдік тудыратын ешқандай әрекет байқалмады. Exit poll сауалнамашылары да заңға сай жұмыс істеп тұрды», - деді ТМД ұйымы атынан қатысқан бақылаушы Дмитрий Семёнов.


Ол сайлау барлық жағынан дұрыс ұйымдастырылғанын айтады. Дауыс санау процесінен де ешбір келеңсіздік байқамаған.

«Физика-математика лицейіндегі учаскеде болып, дауыстың дұрыс саналуын қарадым. Басқа қоғамдық ұйымдардың да бақылаушылары қатысты. Ешкімнен ештеңе жасырылған жоқ. Біздің көзімізше 2 031 дауыс саналды. Көшпелі жәшіктен 31 адамның дауысы есепке алынды. Қайта санауда барлық цифр дұрыс шықты», - дейді Дмитрий Семёнов.

Магнитогорск қалалық округі депутаттар кеңесі заң бөлімінің бастығы Людмила Кузьминкова мен Челябі қазақтарының «Азамат» қоғамдық бірлестігі төрағасы Қанат Сейтиков те өңірдегі сайлаудың ұйымдастырылу барысын оң бағалады.

«Мен Әулиекөл ауданында бірнеше учаскені араладым. Халықтың тұрмысымен таныстым. Елдің жақсы көңіл-күйін аңғардым, белсенділігіне сүйсіндім. Үлкен кісілердің учаскелерге таңғы 7-ден бастап келгені мені таң қалдырды», - дейді Қанат Сейтиков.

Оның айтуынша, кейбір ауылдарда туыс-туғандарының атынан дауыс бергісі келгендер болған. Алайда, комиссия мүшелері ондайға жол бермеген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы