Елдің тыныштығын күзету – біздің кәсіби әрі азаматтық парызымыз – полицей
Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Елдің тыныштығын күзету, адам өмірін сақтау – біздің кәсіби әрі азаматтық парызымыз. Суға секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған қызды құтқарып қалған полицей Парасат Жолбаев Отан қоpғаyшылар күнi қарсаңында осындай пікір айтты.
Парасат Жолбаев Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы полиция басқармасы патрульдiк полиция батальонының қызмет инспекторы, полиция лейтенанты Паpасат Жолбаев осы салаға 2013 жылы қадам басқан. Сержант шенімен еңбек жолын бастаған полицей 7 жылдан астам уақыт бойы халықтың қауiпсіздігiн қамтамасыз етуге үлес қосып келеді. Қызмет инспекторының айтуынша, елдің тыныштығын күзету, адам өмірін сақтау – полицейдің кәсіби әрі азаматтық парызы.
Біз қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қырағылықпен қарап жүреміз, жол ережесін де қатаң қадағалаймыз. Ел ішінде түрлі оқиға болады. Сондайда бірінші болып жетуге тырысамыз, келеңсіз мәселенің оңынан шешілуіне септігіміз тисе дейміз, ең алдымен адамның өмірін сақтап қалуды басты мақсатымыз деп білеміз. Бұл –біздің қызмет, – дейді полиция лейтенанты Парасат Жолбаев.
Парасаттың айтуынша, полицейлер қызмет бабында адамдардың өміріне қауіп төнгенде басын қатерге тігеді. Сондай оқиғалар өзінің басынан да талай өткен. Ал таяуда көпірден суға секiрiп кеткен бiр адамды құтқарып қалыпты.
12 наурыз күні кезекшілікте едім. Кешкі сағат 20:30 шамасында бізге хабар келді: Деркөл елді мекені аумағындағы Шаған өзенінен
өтетiн көпiрден 1988 жылғы туған Орал қаласының тұрғыны секіріп, өз-өзіне қол жұмсағаны жөнінде айтты. Қасымда полиция аға
лейтенанты Ерлан Қожасов бар. Екеуміз дереу сонда бардық. Әлгі әйел жаңағы көпірдің астында судың бетінде қалқып тұр екен. Жан-жақты жанарыммен лезде барлап шықтым. Қайық тоқтайтын жер барын байқадым. Әріптесім екеуіміз қайық іздеуге көштік. Жағада тұрған адамнан "қайықты қайдан табамыз" деп сұрап едік, саяжай жақты нұсқады. Жанұшыра сонда жеттік. Бір тұрғынға мән-жайды түсіндірдік, ол бірден келісе қойды, қайығын берді. Сөйтіп, жағаға қайта келдік, өзен суының шеті әлі мұз екен. Мұзды жарып су ортасына қарай қайықпен жүзіп бардық. Күн болса бұлтты, жаңбыр жаууда, оның үстіне кешкі уақыт, дала қап-қараңғы. Су бетінде қалқып тұрған денені сүйреп көпір астындағы тасқа әкелдік. Абырой болды, қызда аз-маз қозғалыс бар болып шықты. Бірақ көп су жұтқан. Жалма-жан алғашқы көмек көрсетіп, арқасынан қағып, ішіндегі суды шығардық, – дейді Парасат Жолбаев.
Артынша құтқарушылар жасағы да, жедел жәрдем де келеді. Олар қызды қайыққа салып, жағаға жеткізді. Оны ары қарай дәрігерлер ауруханаға алып кетті.
Ал 2004 жылдан бері полиция саласында қызмет атқарып келе жатқан аға лейтенант Ерлан Қожасов "қызды құтқару операциясы" сәтті аяқталғанда "уһ" деп еркін тыныстап, қатты қуанғанын айтады.
Ерлік сын сәтте жасалатын әрекет. Осы қызметте жүргеннен кейін кез келген тосын жағдайға дайын болып, батыл шешім қабылдай білуіміз керек. Қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қамтамасыз ету – Отан алдындағы борышымыз. Бүгінгі қоғамға, кейінгі ұрпаққа патриотизмнің үлгі-өнегесін ең алдымен біз, сақшылар көрсетуіміз керек. Ал мен өз міндетімді 100 пайыз адал атқарып жүрмін деп айта аламын, – дейді ол.