Елдегі жағдай карантинсіз жалғаса беретін болса, айтарлықтай шығынға тап болар едік

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан бірер күн бұрын ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру шаралары қаралып, онда елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі шараларды бекіткен болатын.

Осы орайда пікір білдірген "Семей медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, ректор Ерсін Жүнісов 5 шілдеден бастап енгізілгелі отырған карантин дұрыс тәсіл болғанын айтты.

Карантин дұрыс тәсіл болды, өйткені біз Қытаймен бір тізбекте тұрмыз және ерте енгізілген карантинсіз вирустың ең алғашқы құрбанына айналуымыз мүмкін еді. Ал вирустың еш кедергісіз енуі денсаулық сақтау жүйесінен бастап барлық мемлекеттік жүйеге дейін тұсап, салдары орасан шығынға әкелер еді. Бұл - жай айтылған сөз емес, ғылыми-тәжірибелік дәлелденген факт. Жақында біздің осы бағыттағы ғылыми мақаламыз Оңтүстік Кореяның маңызды ғылыми-медициналық журналында жарияланды, - дейді ол.

Ректордың айтуынша, егер елдегі жағдай карантинсіз жалғаса беретін болса, материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесі айтарлықтай шығынға тап болатын еді.

Локдаун немесе белгілі бір деңгейдегі, қоғам контингентіндегі оқшаулау шаралары тек денсаулық сақтау жүйесін қайта саралау үшін ғана емес, әлеуметтік-экономикалық шығындарды қайта бағамдау үшін де қажет. Егер елдегі жағдай карантинсіз немесе локдаунсыз одан әрі жалғастыра берсе, онда адам ресурстары мен материалдық-техникалық қамтамасыз ету жүйесіне мыңдаған есе қысым түсер еді, - деді ол. 

Ерсін Жүнісов халық арасында сырқаттану деңгейінің күрт өсу себебін азаматтардың санитарлық ережелерді елемеуімен байланыстырады. 

Мұндағы жалғыз себеп – азаматтардың санитарлық ережелерді елемеуі. Сондықтан, басқалардан кінә іздемес бұрын, әрбір адам өзіне "төтенше жағдай талаптары алынып тасталғаннан кейін мен өзімді қалай ұстадым?" деген сауал қоюы керек. Күнделікті мониторинг нәтижесі көрсеткендей, вирус негізінен көпшілік көп жиналатын шаралар мен өзге де жиын-тойларға барғандар арасында таралып отыр. Сондықтан, берер кеңесім – әр адам өзінің саламатты өмір салты мәдениетін көтеру керек, - деді ректор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы