Елдегі ветеринариялық зертханалар дәлдігі жоғары жаңа құрылғылармен жабдықталады

Үкімет еліміздің ветеринариялық қызметін күшейтуге өз резервінен 3,8 млрд теңге бөлді, деп хабарлайды BAQ.KZ primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.

Қаражат ветеринариялық зертханаларды дәлдігі жоғары құрылғымен – халықаралық ұсынымдар және Codex Alimentarius ережелері мен талаптарына сай келетін сұйық хроматографпен жабдықтауға бағытталады.

Бұл ветеринария саласында дәл және нақты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беріп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Тиімділігі жоғары сұйық хроматограф тағам өнімдеріндегі зиянды заттардың болмашы іздерін анықтауға мүмкіндік береді. Оны қолдану халықтың денсаулығын тағам арқылы таралатын қауіпті аурулардан қорғауға елеулі үлес қосады.

Сонымен қатар жаңа құрылғы бүгінде әлемдегі ондаған елге тауарларын экспорттап жүрген қазақстандық өндірушілерге сыртқы нарықтың қатаң талаптарына сәйкес болуына мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Қазақстанның басқа елдерден жеткізілетін өнімдерді бақылау мүмкіндігі айтарлықтай артады. Ветеринариялық талаптарды бұзу фактілері анықталған жағдайда, еліміз ішкі нарықты жануарлардан тарайтын қауіпті аурулардан қорғау шараларын жедел қабылдай алады.

ҚР Үкіметінің аталған қаулыны қабылдауы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықтың денсаулығын сақтау жолындағы маңызды қадам болып саналады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы