Елдегі техникалық бақылау саласы он жыл ішінде былыққа батып кетті – сарапшы

Алматы, BAQ.KZ тілшісі.  Бұл туралы Халықаралық көлік академиясының корреспондент-мүшесі Андрей Тимофеев Алматыда өткен брифингте айтты. 

Баспасөз мәжілісінде қоғам белсенділері көліктің техникалық бақылауын жетілдіру қажеттігін мәлімдеп, оны жетілдіру бойынша арнайы комиссия құруды ұсынды.

Он жыл ішінде еліміздегі техниканы бақылау саласы былыққа батып кетті. Бұл сала осы жылдар ішінде бірнеше министрліктің қарауына өтті, ақыр соңы Көліктік бақылау комитетінің құзыретіне берілді. Алайда техниканы бақылау саласында ешқандай өзгеріс болмады. 10 жыл ішінде техниканы бақылау саласы жемқорлық көзіне айналды. Бұны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі анықтап жатқан деректер растай түседі. Қазір техникалық бақылау анықтамасын ешқандай тексеріс өткізбестен кез келген станциядан сатып алуға болады, тіптен әлеуметтік желі арқылы да тапсырыс беріп жатыр,- деді Андрей Тимофеев. 

Сонымен қатар ол Көліктік бақылау комитеті жүргізген реформа оны жетілдіруге инвестиция тарта алмағанын, оның үстіне техниканы бақылау станцияларын регламентке сәйкес етіп жасақтай алмағанын жеткізді.

Бұл регламент Кеден одағы мен БҰҰ-ға мүше елдердегі ережеге сәйкес. Көліктік бақылау комитеті он жыл ішінде мыңдаған техника бақылау станциясын ашты, бірақ дұрыс жұмыс істеуге жағдай жасай алмады. Техника бақылау орталықтары арасында бәсекелестік орнамады, бәрі әупірімдеп күн көрумен ғана болды. Оның үстіне Көліктік бақылау комитеті кез келген станцияға тексеріспен келіп, оны жауып тастай алады. Өйткені станциялар көрсетілген нормаларға сай келмейтінін жақсы біледі, - деді ол. 

Оның айтуынша, техникалық бақылауды алып тастауға болмайды. Ондай жағдайда Қазақстан көліктері сыртқа шыға алмай қалады, ал шетелдік көліктер біздің елге кіре алмай қалады.

Сонымен қатар ол елдегі техникалық бақылау саласын реттеу үшін арнайы комиссия құрып, жұмыс жүргізу қажеттігін ұсынды.

Азаматтық қоғамның, Сертификаттау және стандарттау комитетінің, Көлік комитетінің, Индустрия және сауда министрлігі, ҚР ІІМ, Үкімет тарапынан вице-премьердің қатысуымен комиссия құруды ұсынамын. Бұл комиссия елдегі техникалық бақылауды қайта реттеуі қажет,-деді Тимофеев.   
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы