Елдегі тегін үйірмелер саны қысқарады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Арт спорт» бағдарламасының жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізіледі.
Енді біз екінші кезеңде жүйеге тағы бірнеше өзгеріс енгіземіз. Ол қандай өзгерістер екеніне тоқталсам. Бірінші – спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерінің бағасын қайта қарастырамыз. Бұл қадам бағдарламаның ауқымын кеңейтеді. Екінші – мемлекеттік спорттық, шығармашылық және қосымша білім алу (Оқу-ағарту министрлігі) тапсырыстарының аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне бір ғана өтініш беру қағидасын енгізу. Мысалы, қазір бір бала мектептегі секцияға, «артспорт» бойынша секцияға және шығармашылық үйірмеге баруы мүмкін. Көпшілікті қамту мақсатында біз тек бір секцияны ғана ұсынамыз, - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ министр үйірмелер саны қысқарады деп отыр.
Үшінші – спорт түрлерінің саны 71 ден 30-ға дейін, шығармашылық үйірмелер 59-дан 30-ға дейін қысқарады. Алдымен біз қайталанатын спорт түрлерін топтастырдық. Мысалы, қазір онда үстел теннисі, көзі нашар көретін балаларға арналған үстел теннисі, тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған үстел теннисі және бейімделген теннис түрлері бар. Бұл секциялардың барлығы өз жұмысын жалғастыра береді, тек бір ортақ атауға біріктіріледі. Жеңіл атлетикадағы жағдай да осыған ұқсас. Бірақ біз толық алып тастайтын спорт түрлері де бар. Төртінші – спорт түріне байланысты балалардың жаттығуға жіберілетін ең төменгі жасы бекітіледі, - деп түсіндірді Дәурен Абаев.
Мәлімдеуінше, осы орайда қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаға сүйенеді. Оның ішінде, «Спорттық резервті дайындау бойынша оқу-жаттығу процессі жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорттық мекемелерде спорт түрлері бойынша спортшылардың жасын бекіту туралы» бұйрықты негізге аламыз. Мысалы, көркем гимнастикаға 5 жастан, ал боксқа 12 жастан бастап баруға болады. Мұндағы мақсат – балалардың денсаулығын қорғау.
Бесінші – ғимараттарға қойылатын талаптарды жетілдіру, оның ішінде: санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы; өрт қауіпсіздігіне сәйкестігі; видеоархивті 30 күн бойы сақтау мүмкіндігі бар видеобақылау камералармен жабдықталуы; спорттық және басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілуі. Мұның барлығы да балалардың қауіпсіздігі үшін жасалынып отыр. Аталған нормалардың дұрыс сақталуын қоғамдық ұйымдар мен тікелей бағдарламаға қатысушылардың өзімен бірге қадағалауды ұсынамыз. Алда орын алатын барлық өзгерістер – осы, - деп атап өтті министр.