Елдегі су саясатын саралауға "Қазгидромет" болжамдары ықпал ете алады – сарапшы

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында еліміздегі су тапшылығы мәселесінің ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғанын атап өтті. Артынша арнайы министрлік құрылды. Осы орайда география ғылымдарының докторы Азамат Қауазовтан Жолдауда айтылған су мәселесіне қатысты пікірін білген едік, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, ғаламдық климаттық өзгерісі судың тарылуына әкеліп соқты. Елімізде 100-ден аса текше шақырым судың 50 пайызы шет елден келеді.

Су мәселесінде еліміздің ауа райы да айтарлықтай рөл ойнайды. Тіпті “Қазгидромет” қызметінің болжамдары елдегі су саясатын саралауға ықпал ете алады. Орталық Азия елдерінде де су мәселесі өзекті деп айта аламын. Өйткені Орталық Азия мемлекеттеріндегі ірі өзендердің барлығы трансшекаралық өзен болып есептеледі. Ондаған жылдан бері сол трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану жайы Орталық Азия елдері үшін күрделі проблеманың біріне айналды десек, қателесе қой­маспыз. Бұл жерде ең бас­ты мәселе Сырдария мен Әмудария өзендерінен келетін суға байланысты. Аталған екі өзеннің бірі - Сырдария өз бастауын Қырғызстаннан, ал екіншісі - Әмудария Тәжікстаннан алады. Осы екі ел өзендерінің ағысы бойынша жоғары орналасқандықтан, Орталық Азиядағы өзге мемлекеттер қырғыз бен тәжік ағайындардың «жомарттығына» тәуелді. Қазақстан шет мемлекеттерден келетін өзен суына 50 пайыз, Өзбекстан 77 пайыз, Түрікменстан 94 пайыз тәуелді екен. Осы ретте елімізде су тапшылығын болдырмау жолында алдағы уақытта Іле өзенінің тарылмауы мақсатында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Себебі Іленің суы Қапшағай мен Балқаш көліне құяды. Егер суды тиімді пайдалануды қолға алмасақ, Балқаш тартылып, Аралдағы жағдай қайталануы мүмкін, - дейді география ғылымдарының докторы.

Бүгінде өзен суларының азаюының екі нақты әрі басты себебі анықталған. Біріншіден, ол – жалпы ғаламдық климаттық өзгерістердің әсері. Яғни, ғаламдық ылғал алмасу процесі өзгеріске ұшырған. Құрлықтың ішінде орналасқан Қазақстан сияқты аумақтарда құрғақшылық жиілеп барады. Екінші жағынан, су пайдалану мөлшері өсіп отыр. Сондай-ақ ескірген инфрақұрылым су тапшылығына әкеп соғады дейді. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы, – деді ол. 

Расымен-ақ жыл сайын 150 мың гектар алқапқа су үнемдейтін технологияны енгізу тапсырмасы берілді. Ол үшін 20 жаңа су қоймасы салынып, қолданыстағы 15 нысан күрделі жөндеуден өтуі керек. 

3,5 мың шақырым су арнасын цифрландырып, жаңғырту қажет. Су ресурстары және ирригация министрлігінің құрылуы, Ұлттық гидрологиялық қызметтің қайта құрылуы да осы проблеманы тездетіп шешуге бағытталып отыр. Гидротехникалық инфрақұрылымның болмауы шаруашылыққа зиян келтіреді. Ескірген сорғылар, су жинайтын қоймалар, суландыру құдықтары, кәріздік каналдардың және дәстүрлі суару әдістерінің тозып кеткенін байқауға болады, – дейді Қауазов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы