Елдегі кей ауылдағы су құбырларын кеңейту үшін 40 млрд теңге қажет

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев мәлімдеді. 

Мемлекеттің ел азаматтарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі саясаты жақсы нәтижелер беріп отырғандығын айтқан министр шешімін таппаған проблемалық мәселелердің де бар екендігіне тоқталды.  

Бүгінгі күнге дейін орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау құрылысы жоспарланған 54 ауылда (511 ауылдың ішінде) іздестіру және барлау жұмыстар келесі өңірлерде жүргізілмеген. Ал 15 ауылда іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде, атап айтсақ: Түркістан – 9, Алматы – 4, Қарағанды – 1, Қостанай – 1. Ал Түркістан облысы бойынша 30 ауылда, Алматы облысы – 7 ауыл, Батыс Қазақстан облысы – 5 ауыл және Жамбыл облысы бойынша 5 ауылда бұл бағытта жұмыстар атқарылмаған, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Айтуынша, халықтың көші-қонына байланысты 50 ауылдық елді мекенде су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет. 

Мәселен, Алматы облысының Кеңдала ауылында халық пайдаланып жүрген су құбыры желісі 1969 жылы салынған және бүгінгі таңда ауыл халқын ауызсумен толықтай қамтамасыз ету үшін реконструкциялауды қажет етеді. Айта кетерлігі, соңғы бес жылда халық саны 5,8 мыңнан 9,5 мың адамға дейін арта түскен. Мұндай ауылдарда су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен шамамен 40 млрд теңге қаражат қажет. Осыған байланысты, аталған ауылдық елдімекендердің тұрғындарын сумен 100% қамтамасыз ету үшін әкімдіктер су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарына қажет жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу қажет, - деді Қайырбек Өскенбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы