Елдегі инфляция мамырда 14%-ға өсті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді. 

Сондай-ақ ол еліміздегі инфляцияның деңгейіне тоқталып өтті. 

Биыл мамырда Қазақстандағы инфляция жылдық мәнде 13,2%-дан 14%-ға дейін қарқын алды. Айлық инфляция сәуірдегі 2%-ға және наурыздағы 3,7%-ға қарағанда мамырда 1,4%-ға баяулады. Бірақ әлі де жоғары және өткен жылғы көрсеткіштер мен орташа жылдық мәннен асып отыр. Айлық инфляцияның баяулау қарқыны бір жағынан оң фискалдық импульс аясындағы тұрақты ішкі сұранысты, екінші жағынан жоғары инфляциялық күтулерді көрсетеді, - деді Ғалымжан Пірматов. 

Айтуынша, инфляция әсіресе азық-түлікте қатты байқалып отыр. 

Жылдық мәнде 19%-ға жеткен тамақ өнімдері бағасының өсуі ең көп үлес қосып отыр. Сыртқы инфляциялық жағдай азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасына жоғары қысым көрсетіп отыр, олардың өсуі 11,1-ден 11,9%-ға дейін қарқын алды. Ақылы қызметтердің инфляциясы реттелетін қызметтер бағасының өсуіне енгізілген мораторийдің тежеуші әсеріне қарамастан 8,9-дан 9,1%-ға дейін өсті, - деді Ұлттық банк басшысы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы