Елдегі электр стансалары жабдықтарының тозығы жеткен - сенатор
Бұл туралы депутат Серік Шайдаров бүгін Сенатта өтіп жатқан Парламенттік тыңдауда мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, «шешусіз түйіндердің» әсері жылу және электрмен жабдықтау саласында проблемаларға айналып отыр.
«Шешусіз түйіндердің» әсері жылу және электрмен жабдықтау саласында проблемаларға айналды. Бүгінгі таңда бұл салалардың әрбір буыны іс жүзінде көңіл көншітпейтін күйде. Мәселен, электр станцияларының негізгі жабдықтарының тозуы 57 пайызды құрайды. Ал жекелеген өңірлерде, атап айтқанда, Орал, Кентау жылу электр орталығы бұл көрсеткіш 88 пайызға жетеді, - деп атап өтті сенатор «Тиімді өңірлік саясат – еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізі» тақырыбына арналған Парламенттік тыңдауда жасаған баяндамасында.
Сонымен қатар депутат электр желілерінің тозуынан аймақтарда электр қуаты қанша көлемде азайғанына тоқталды.
Электр желілерінің 66 пайызға тозуы өңірлердің желілерінде тасымалдау кезінде электр энергиясының 11 пайызға жоғалуына әкеліп отыр. Өңірлер бөлінісінде желілердің тозу деңгейінде елеулі алшақтық байқалады. Мысалы, Астана қаласында бұл көрсеткіш 29,5 пайыз болса, Ұлытау облысында – 70 пайыз, Қостанай облысында – 85,3 пайызға тең, - деді Серік Шайдаров.