Елдегі белгілі қордың басшысы АЭС құрылысын салуға қатысты күмәнін айтты
«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов елімізде АЭС салуға қатысты күмәнін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, республика аумағында АЭС салу қажет пе, жоқ па, нақты шешім қабылдаған соң ғана «Росатом» немесе басқа компаниямен жұмыс істеуге болатынын келісу керек.
Бұл жерде шешім қабылдау үшін фактор көп. Атом электр станциясы – бұл өте қымбат игілік. Станцияның құны тіпті бірнеше миллиард доллар тұрады. Сонда АЭС өзін-өзі ақтауы үшін тариф қандай болуы керек? Мемлекет ретінде ондай тарифті ұстауға шамамыз келе ме? Бәріміз жарықты пайдаланамыз, ұялы телефонымыз қуаттап, интернетке кіреміз, телевизор көреміз. Егер ертең мәселен, АЭС салдық делік. Сонда электр қуатының бағасы қанша болады? – деді компания төрағасы қорда өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар ол қазақстандықтар атом электр станциясын қолдануға дайын ба деген мәселенің басын ашып алу қажет деп отыр.
АЭС-тің құрылысы ондаған жыл уақытты талап етеді. Оның үстіне, оған салынатын қомақты қаражатты ойлаңыз. Ол электр қуаты үшін кім төлейді?
Әрине, сіз бен біз, біздің балаларымыз төлейді. Ұрпағымызға не қалдырамыз? Бұл жерде жан-жақты талдау жүргізу қажет, - деді Нұрлан Жақыпов.
Сондай-ақ ол АЭС-тің орналасқан жеріне қатысты мәселелер барын айтты.
Бұл жерде экологиямен, сумен жабдықтаумен мәселе бар. АЭС-тің негізгі талаптарының бірі – жақсы үлкен су қоймасының болуы. Экология – менің салам емес, бірақ есептерді оқып отырамын. Каспий тартылып барады, Балқаш та құлдыраудың аз алдында тұр. Қазір АЭС салып тастасақ, 10 жылдан соң су тағы 10 метрге тартылып қалса, не болады? Халықтың да пікірін ескерген жөн. Олар бүйірлерінде АЭС тұрғанына дайын ба? Бізге саралап, талдап барып шешімді бір-ақ қабылдау керек, - деді ол.