Елдегі 41 әскери кафедрадағы дайындықтан 12 мың студент өтеді

Қазақстандағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында бүгінде 41 әскери кафедра жұмыс істейді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Серік Борамбаев Мәжілісте өткен отырыста мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, әскери кафедраларда студенттер офицерлер мен сержанттар құрамына арналған бағдарламалар бойынша ақылы және тегін негізде даярланады.

Әскери кафедраларға жыл сайынғы қабылдау көлемі 12 мың студентті құрайды. Оның ішінде:

  • 7 мыңға жуығы запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша;
  • 5 мыңға жуық запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша дайындалады.

Мемлекеттік тапсырыс аясында тегін оқуға 3 700 орын бөлінген (офицерлер бағдарламасы бойынша).

Бүгінде әскери кафедраларда жалпы 17 893 студент білім алуда:

  • 12 940 студент – запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша, 115 әскери есептік мамандықта;
  • 4 953 студент – запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша, 63 әскери есептік мамандықта.

Серік Борамбаевтың айтуынша, әскери кафедраны тәмамдаған түлектер мобилизациялық резервті толықтырып қана қоймай, Қарулы күштер қатарында қызмет етуге де шақырылады.

Соңғы үш жыл ішінде әскерге шақырылған запастағы офицерлер саны:

  • 2023 жылы – 550 адам;
  • 2024 жылы – 600 адам;
  • 2025 жылы – жоспарланған 700 адамның ішінен 618-і әскерге шақырылған.

Әскери кафедраны бітірген басқа түлектер жергілікті әскери басқару органдары арқылы:

  • мобилизациялық резервке,
  • қысқартылған құрамдағы резервтік әскери бөлімдерге,
  • аумақтық қорғаныс күштеріне тіркеледі.

Бұл санаттағы азаматтар тұрақты түрде әскери дайындық жиындарына, оқу-жаттығуларға және әскердің жауынгерлік даярлығы аясындағы іс-шараларға қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы