Елде жыл сайын 5000 әйел сүт безі қатерлі ісігіне шалдығады
Бұл туралы ДСМ штаттан тыс бас онкологы Диляра Қайдарова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қазақстанда жыл сайын 5000-ға жуық сүт безі қатерлі ісігімен ауыратын науқас анықталады. Әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігі әйелдердегі қатерлі ісіктер құрылымында 1-орында тұр. Орта есеппен елімізде жыл сайын 5000-ға жуық сүт безі қатерлі ісігімен ауыратын науқас анықталып, 1200-ге дейін әйел қайтыс болады, - деп атап өтті дәрігер.
Айтуынша, сүт безі қатерлі ісігінің ерте сатысында уақытылы диагноз қойылған кезде пациенттердің толық емделуіне 95% мүмкіндік бар.
Республикамызда 10 жылдан астам уақыт бойы сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау бойынша әйелдерге арналған Ұлттық скрининг жүргізіліп келеді. Тегін скринингті тұрғылықты жері (тіркелген жері) бойынша емханаларда 40-70 аралығындағы әйелдерге өтуге болады. 2021 жылы сүт безі қатерлі ісігінің скринингі бойынша 787 619 әйел тексерілді. Тексеру қорытындысы бойынша сүт безі қатерлі ісігі 1 403 әйелдерде анықталды. Онколог маман ретінде әйелдерге гинеколог пен маммологтан кемінде жылына бір рет тексерілуге кеңес беремін, - деді Диляра Радикқызы.
Еске сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 1993 жылы қазан айын сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күрес айы деп жариялады.
Соған орай ертең, 15 қазан күні ел аумағындағы онкологиялық ұйымдарда маммологтардың бірыңғай Ашық есік күні өтеді. Әйелдер мен қыздар сүт безінің патологиясын ерте анықтау үшін тегін тексеруден өтіп, дәрігерлерден білікті кеңес алуға болады.