28 наурызда Қазақстан бойынша "жарық сөнеді"
28 наурыз күні Қазақстанда халықаралық «Жер сағаты» экологиялық акциясы өтеді.
28 наурыз күні Қазақстанда халықаралық «Жер сағаты» экологиялық акциясы өтеді. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл бастама табиғатты қорғауға назар аудартуды көздейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Акция сенбі күні кешкі 20:30-дан 21:30-ға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында тұрғындар жарық пен электр құрылғыларын бір сағатқа өшіруге шақырылады. Бұл – энергияны үнемдеу ғана емес, климаттың өзгеруі мәселесіне қоғам назарын аудартудың символдық қадамы.
«Жер сағаты» алғаш рет 2007 жылы Австралияның Сидней қаласында өткізілген. Бүгінде бұл бастама әлемнің 180-нен астам елінде қолдау тауып, миллиондаған адамды біріктіріп отыр. Қазақстан да бірнеше жылдан бері осы акцияға тұрақты түрде қатысып келеді.
Мамандардың айтуынша, бір сағатқа жарықты өшіру жаһандық экологиялық проблемаларды бірден шешпейді. Алайда бұл әрекет адамдардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, күнделікті өмірде энергияны тиімді пайдалануға ынталандырады.
Сондай-ақ акция аясында кейбір ірі ғимараттар мен нысандардың сыртқы жарығы да уақытша сөндіріледі. Бұл – табиғатты қорғауға бағытталған ортақ үндеудің бір көрінісі.
Еске салайық, бұған дейін Астанада 30-дан астам нысанда жарық сөндірілген еді.