26 Қараша 2026, 09:34 Фото: polisia.kz

Елде заңсыз сақталған 2 200-ден астам қару тәркіленді

Қазақстанда жыл басынан бері заңсыз айналымнан 2 200-ден астам түрлі қару тәркіленді. Оның ішінде 190-ы криминалдық қару болса, 162-сі Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ішкі істер министрлігі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және заңсыз сақталған қаруды айналымнан алу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Осы бағытта 20-22 қараша аралығында республика көлемінде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді.

Үш күн ішінде полиция қызметкерлері 188 атыс қаруын тәркіледі. Оның 17-сі ойық ұңғылы, 125-і тегіс ұңғылы, 46-сы өзге де қару түрлеріне жатады. Сонымен қатар әртүрлі калибрдегі 500-ден астам оқ-дәрі мен сегіз граната тәркіленді.

Мәселен, 20 қарашада Түркістан облысының Сарыағаш ауданында полиция қызметкерлері жергілікті тұрғыннан бірнеше қару түрін анықтаған. Тінту барысында ойық ұңғылы винтовка, тегіс ұңғылы шолақ мылтық, пневматикалық винтовка, белгі беру тапаншасы және әртүрлі калибрдегі 28 патрон табылып, тәркіленді.