Ұлттық музейі мен ұлттық гвардиясы бар елде ұлттық театр неге жоқ?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жаңа маусым. Жаңа басшы. Жаңа ғимарат. «Қаллеки» театры жаңа маусымның шымылдығын ашты. Өнер ұжымы жаңалықтарымен, жоспарларымен бөлісті.
Маусымашар мерекесі театр алаңындағы бұрын-соңды болмаған «Қызыл кілем» салтанатымен басталды. Бұл маусым бұрынғыдан өзгерек. Қаллекиліктер сүйіншілеп сұрайтын жаңалықты жария етті. Нұр-Cұлтанда жаңа театрдың алдына қазақ театр өнеріне еңбегі сіңген 20 адамға арналған «Жұлдыздар аллеясы» орнатылмақ.
Театр маусымының «Абай» трагедиясымен ашылуының дәстүрге айналғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осындай дәстүрдің қалыптасуына бірден-бір себеп, өнер ұжымы есімін еншілеген театр өнерінің корифейі Қалибек Қуанышбаев сомдаған шоқтығы биік рөл – дәл осы Абай рөлі болатын. Қаллеки сомдаған Абай образын заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалаған еді.
XXIX жаңа маусым дүбірлі той – Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойымен ұласып жатыр.
Ұлттық кітапханасы, ұлттық оркестрі, ұлттық музейі мен ұлттық гвардиясы бар елде ұлттық театр неге жоқ? Еуразия кеңістігін тамсандыратындай жаңа театр қашан ашылады? Қазақ драма театрына «Қазақ Ұлттық Театры» (ҚҰТ) статусы беріле ме? Театр маусымының ашылуын тағатсыздана күткен көрермендер мен өнер сүйер қауым үшін бұл сұрақтарға жауап берген театр ұжымының: театр басшысы, көркемдік жетекші әрі режиссер, халық әртісі және жұлдызды актердің сұқбатын BAQ.KZ ұсынады.
Театрдың көркемдік жетекшісі, театр және кинорежиссері Теменов Талғат Досымғалиұлы:
– Жиырма тоғызыншы маусымды ашып отырмыз. Біз бұл күнге сағынышпен келдік. Биылғы күз біздер үшін «алтын күз» болды. Жуырда ғана 22 тамызда президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлымен кездескенімде театр, өнер, мәдениет, әдебиет, руханият мәселесі қозғалды. Жаңа ғимараттың қалай салынып жатқаны және қашан ашамыз деген сөз болды. Былтырғы 21 наурызда ЭКСПО қалашығындағы үлкен «қазақ үйде» Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлымен бірге дастарқандас болып отырған кезде менен «Қанша орын керек?» деп сұрап еді, сонда «800 орындық керек емес, драма театры болғандықтан 650 адамдық орынға арналған керек» дегенімде, Елбасының салып беремін деп айтқан сөзі бар еді. Сол айтқан сөзі іске асырылды.
Бүгінде, Құдайға шүкір, Астанада спорт сарайлары көп. Стадиондар, бассейндер мен фитнес-клубтар көп. Ойын-сауық орталықтары, бәрі бар. Бізге жетпейтіні осы театр болатын. 90 жылдары білегінің бұлшығын шыңдандырып рэкет болғандарды, «бандит» болғандарды білеміз. Олардың барлығына бір нәрсе жетіспеді. Мәдениет жетіспеді. Біздің бүгінгі көтеріп отырғанымыз мәдениет мәселесі. Театр – ана тілінің тал бесігі. Театр руханияттың, тазалықтың, махаббаттың, ұлы сезімдердің айтылатын, шыңдалатын алтын ұясы. Жаңа ғимаратқа көшеміз дегелі бері үлкен бір сезімде, үлкен бір арманда жүрміз. Мен алғаш келгенімде айтқан едім, менің миссиям осы театрды салу деп. Көз алдымда сағымдай бұлдырап театрдың салынып жатқан ғимаратына жиі барамын. Кейде өзім прораб секілді сезінемін. Барған сайын көңілім бір марқаяды. «Болар істің басына жақсы келер қасына» деп, Асхат Маемиров бауырымыз келіп отыр. Асхат менің студентім, режиссерлыққа түскен талантты шәкіртім. Францияда оқыды. Талай-талай өнер ұжымдарын, соның ішінде «Әкем» театрын басқарды.
Ол 55 театрға бармай, бізге неге келді? Өйткені мына жаңа ғимаратқа жаңашыл, озық ойлы, креативті адам керек. Бүгінгі ұйымдастырған қызыл кілемнің өзінде де, түсіріп жатқан дронның астарында үлкен бір көргендік бар. Қазақта айтады, көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра дейді. Соның дәлелі бүгінгі ашылу салтанаты. Алдағы ең үлкен жоспарымыз 6 шілдеде Абай спектаклін жаңа ғимаратта ойнасақ дейміз. Негізгісі сол – үлкен ғимаратқа көшу. Соған сәйкес лайықты үлкен шығармалар қою. Негізгі мақсатымыз «ұлттық театр» деген статус беру. Себебі, Қазақстанда ұлттық театр жоқ. Қырғызда бар, өзбекте бар, Ресейде бар, Еуропаның барлық елінде бар. Дербес, тәуелсіз мемлекет болғандықтан, өзіміздің ұлттық кітапханасы, ұлттық оркестр, ұлттық музей болған жерде ұлттық театрдың болуы да заңдылық. Қазір адамзат адамды қырып-жоюдың сан түрлі қару-жарақтарын шығарып жатыр. Өте қиын кезеңдерде «қызыл линияда» тұрмыз. Әрі қарай болашаққа не алып барамыз, балаларымыз бен немерелерімізге артымыздан қандай әлемді аманат етеміз? Ол жағы белгісіз. Бірақ менің білетінім тек қана білім, ғылым, өнер ғана адамзатты алып қала алады. Мұны асыра сілтеген, пафоспен айтылған сөз деп ойламаңыздар. Бұл әр адамның түйсігіндегі ой деп білемін. Және біздің миссиямыз осындай. Орысша айтайын бір сөзді – «Есть в этом мире разрушитель, есть в этом мире созидатель». Сондықтан бізге бұзушы, қырушы емес, бізге құрушылар керек. Ал театрдың қасиетті сахнасы ол бірден бір құрушы екеніне аса сенімдімін.
Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Маемиров Асхат Максимұлы:
– Сіздер сездіңіздер ме, сезе алмадыңыздар ма білмеймін. Былайша айтқанда, бұл – осы ғимараттың қоштасуы. Маусымашардың хәкім Абайдың бейнесімен ашылып жатуы да тегін емес. Абай планетарлық масштабтағы тұлға. Қаллеки атамыздың паспортына айналған Ұлы Абай. Театр біздің эрамызға дейін де жасады, қазір де жасап келе жатыр. Мыңдаған жылдарды артқа тастап, өлмейтін өміршең болып қала береді. Ұлттық гвардиясы, ұлттық музейі бар елде міндетті түрде ұлттық театры болу керек. Алда атқарылатын жұмыстар көп. Талай-талай фестивальдер қол бұлғап шақырып жатыр. Жаңа репертуарлық саясатты жүзеге асыратын боламыз. Елордада Еуразия кеңістігін тамсандыратындай ғимарат салынып жатыр. Үлкен әрі жаңа ғимаратқа андай-мындай, арсыл-дүрсілмен бармайды. Он ойланып, жүз толғанып барып, жанымыздағы көршілерімізді таңдандыратындай репертуарлық саясатымызбен көшсек дейміз. Соған лайық репертуармен бару күн тәртібінен түспейтін басты мәселеміз.
Қазақ сахнасында Қарагөз, Құртқа, Фатима ханым, Найман-Ана, Толғанай және Зере сынды ғажап бейнелердің галереясын жасаған ҚР Халық әртісі, үлгілі ұстаз Гүлжан Әспетова:
– Әуезов театрынан кейін маңдайына үлкен бақ жазылған театр – кішкентай болса да ол Қуанышбаев театры. Жанын салып, жүрегі тоқтап қалып осы театрды ашқан керемет Жақып Омаров деген азамат. Менің есімде Әшірбек Сығай бар, Қуаныш Сұлтанов бар ЦК-ның адамдарына жүгіріп жүріп жанкештілікпен ашқан театр. Енді, міне, жаңа театрға көшеміз дегенде жас режиссер, жаңа директор, қазіргі заманмен бірге аяқ басып келе жатқан іскер, алғыр, көңілі де жүрегі де таза Асхат келіп отыр. Қазақ халқының рухы оянуы керек. Жүрегінің тазалығы сақталуы тиіс. Халық тек экономикамен халық болмайды, рухани биіктікпен ел болады. Келешектен жақсы үміттеріміз көп.
Театрдың жұлдызды актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев:
– Бітер істің басына, жақсы келер қасына деп Асхатпен бірге жаңа тыныс келіп жатқандай. Жаңа ғимараттың суретін афишаға енгізіп қойдық. Құрылыс қарқынды жүріп, салынып жатыр. Сіздер көрермен болып, біздер актер болып зарығып жеткен үніміз. Жаңа ғимаратқа жетейік!
Театрда Толғанай болмаса, «Ана-Жер Ананы» қойып керек емес, Зере болмаса Абайды қойып керек емес. Мен «Қаллеки» театрының әртістерін, алтын әріптестерімді мақтан тұтамын.