13 Қазан 2026, 16:17 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Елде салық түсімі 3 трлн теңгеге өсті

2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында мемлекеттік бюджетке 19,3 трлн теңге салық түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 трлн теңгеге немесе 18,2%-ға көп. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, бюджет кірістерінің өсуіне салық реформасы негізгі ықпал еткен.

Салық реформасы бюджеттің кіріс базасын нығайтудың негізгі факторына айналып, қазіргі сын-қатерлер жағдайында да түсімдердің едәуір өсуін қамтамасыз етті, – деді Серік Жұманғарин.

Салық түсімдерінің өсуіне қосылған құн салығы (ҚҚС) айтарлықтай үлес қосқан. Бұл салық түрі бойынша түсімдер 37,3%-ға артқан. Оның ішінде отандық өндіріс тауарлары бойынша түсім 54,1%-ға, импорт бойынша 23,9%-ға өскен.

Министр кәсіпкерлік саласында да құрылымдық өзгерістер жүріп жатқанын атап өтті. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса есептегенде, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға өсіп, 3,2 млн-ға жеткен.

Ал жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін және қосылған құн салығын төлеуші кәсіпкерлердің саны 28%-ға артқан.

Еске салсақ, Қазақстан экономикасы жыл басынан бері 4,2%-ға өсті. Мұнай өндірісінің қысқаруы, теңгенің нығаюы және тұтынушылық кредиттеудің баяулауы экономикалық өсімді тежеп отыр.

Тағы оқи отырыңыз: Үкімет: Қазақстанда жеке инвестициялар 18,2%-ға өсті