Республикалық маңызы бар 14 учаскеде жол жабық

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазіргі уақытта ауа райының күрт бұзылуына байланысты еліміздің республикалық маңызы бар 14 учаскесінде жол жабық. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлім етті. 

Соңғы мәлімет бойынша түскі сағат 12.00-де Қостанай облысының төрт учаскесінде жол ашылды. Жабылған жол учаскелердің қатарында Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Павлодар, Қостанай облыстарының бағыттары бар.


Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан-Қарағанды бағытында жолдың ашылуын күтіп 70 шақты автокөлік тұр.


Министрлік жолдардағы жағдайды бақылауда ұстау үшін жедел штаб құрды. Оның құрамына Төтенше жағдайлар министрлігі, «Қазавтожол», «Қазгидромет» орталығының мамандары жұмылдырылып, тәулік бойы дауылды ескерту жарияланған аймақтардан ақпарат алуда.


Кеше еліміздің сегіз аймағында дауылды ескерту жарияланған болатын. Соған қарамастан жолға шыққандар да болды. Мысалы, Нұр-Сұлтан-Шучинск бағытында 270, ал Шучинск-Нұр-Сұлтан бағытында шамамен 400 көлік тұрып қалды. Жол полициясы, министрлік қызметкерлері мен жолды тазалау қызметінің жетегімен осы екі бағыттағы шамамен 800 автокөлік діттеген жерлеріне жеткізілді. Боран, көктайғақ, жол көрінуінің нашарлығына байланысты жол көлік оқиғалары да тіркелді. Кеше Нұр-Сұлтан-Петропавл бағытында Мерседес маркалы жеңіл көлік пен Газел соқтығысқан, абырой болғанда жарақат алғандар мен адам шығыны жоқ, - деді Талғат Уәли. 

Оның айтуынша, кеше кешке жақын ауру райының нашарлауына байланысты Шучинск қаласына баратын жол қайта жабылып, таңертең 9.30-да ашылған. 


Жолда қалған адамдар жоқ, ал көлік тізбегінде қалып, жолдың ашылуын күткендер үшін жылыту пункттері ұйымдастырылуда. Алайда эвакуациялау пунктіне көмек сұрап келген әзірге ешкім жоқ. Жолдар тәулік бойы тазалануда. Ол үшін 300 адам мен 60-тан астам техника жұмылдырылды, - деді министрліктің ресми өкілі.

Сонымен қатар ол жолға шыққан азаматтарды 112-ден келетін SMS-хабарламаларды ескеру қажет екенін атап өтті. 


Жолға шықпас бұрын смс хабарладан бөлек, «Дармен» мобильдік қосымшасы, «Қазавтожол» мен министрліктің ресми сайтында сағат сайын жаңарып отыратын ақпаратпен танысуға болады. Алыс жолға шықпас бұрын сол бағыттағы жолдың ашықтығына көз жеткізу керек, - деді ол.







Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы