Елде қызылша деректері артты: Қауіпті өңірлер аталды

Қазақстанда қызылшаға байланысты эпидемиологиялық ахуал әлі де күрделі күйінде қалып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Денсаулық сақтау министрлігінде қызылша мәселесіне арналған республикалық штабтың отырысы өтті. Оған өңір әкімдерінің орынбасарлары, денсаулық сақтау басқармалары мен санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменттерінің басшылары қатысты. Жиында індеттің таралуын тежеу, профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды күшейту, сондай-ақ халықты вакцинациямен қамтуды арттыру мәселелері талқыланды.

Министрлік барлық қажетті шараларды қолға алғанымен, аурудың таралуын толық тоқтату әзірге мүмкін болмай отыр. Мамандардың мәліметінше, қызылшаның кең таралуына вакцинациядан жаппай бас тарту негізгі себеп болып отыр. Өткен жылдың соңынан бері аурушаңдық көрсеткіші тұрақты өсіп келеді.

Эпидемиологиялық талдау нәтижесіне сәйкес, науқастардың 79 пайызы мүлде вакцина алмаған, 8,4 пайызы екпенің толық курсын алмаған, ал шамамен 10 пайызының иммундық мәртебесі белгісіз. Ерекше алаңдататыны – екпе алмаған балалардың 59 пайызы ата-анасының шешімімен вакцинациядан өтпеген.

Жыл басынан бері республика бойынша қызылшаның 1 951 жағдайы тіркелді. Ең көп жағдай Астана қаласында (581), Жамбыл облысында (339), Алматы қаласында (317) және Алматы облысында (146) анықталған.

Мамандар қызылшаның аса жұқпалы вирустық ауру екенін ескертеді. Вакцинация болмаған жағдайда дерт ауыр өтіп, пневмония, есту қабілетінің төмендеуі, жүйке жүйесінің зақымдануы, энцефалит секілді қауіпті асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сонымен қатар қызылшадан кейін иммундық жүйе ұзақ уақыт әлсірейді.

Қауіп тобында – жас балалар, екпе алмаған ересектер, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар және иммунитеті төмен адамдар. Дәрігерлер қызылшадан сақтанудың ең тиімді әрі сенімді жолы вакцинация екенін атап өтті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы