13 Қазан 2026, 17:48 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Елде құрылыс жұмыстары 11,5%-ға өсті: Қай өңірлер көш бастап тұр?

Тоғыз айда 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 106 жаңа өндірістік жоба іске қосылды.

 2026 жылғы қаңтар–қыркүйек аралығында Қазақстанда құрылыс жұмыстарының көлемі 7,8 трлн теңгеге жуықтады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,5%-ға көп. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тұрғын үй құрылысы қарқын алды

Еліміздің көптеген өңірінде құрылыс жұмыстарының оң динамикасы байқалады. Ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау, Атырау облыстары мен Шымкент қаласында тіркелді. Ал Жетісу, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында құрылыс көлемі төмендеген.

Тоғыз айда 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 2,7%-ға артық. Тұрғын үй құрылысының өсімі 17 өңірде байқалды. Ең жоғары өсім Алматы облысында – 16%, Маңғыстау облысында – 12%, Павлодар облысында 11,4% болды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім

Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 8,6%-ға артты. Бұған жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылуы ықпал етті.

Қазақстанда жалпы құны 642,3 млрд теңге болатын 106 жоба іске қосылып, шамамен 8 мың тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұған дейін елімізде өндірілмеген натрий сульфаты, тамшылатып суару жүйелері, ламинат және кофе машиналарына арналған алюминий капсулалары сияқты өнімдер шығарыла бастады.

Жыл соңына дейін жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.

Қандай салаларда өндіріс артты?

Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 22,8%-ға өсті. Тоғыз айда шамамен 144 мың автокөлік шығарылды. Оның ішінде 136,5 мың жеңіл автомобиль, 1,8 мыңнан астам автобус және 5,8 мың жүк әрі арнайы техника бар.

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 62,4%-ға, химия өнеркәсібінде 23,4%-ға, резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіруде 18,1%-ға, құрылыс материалдары өндірісінде 5,9%-ға өсті.

Халықаралық өндірушілерді, соның ішінде «Самсунг» компаниясын тарту және жергілікті өндірісті кеңейту үшін тұрмыстық техниканы өткізу кезінде қосылған құн салығынан босату мерзімін ұзарту ұсынылып отыр. Қазір бұл жеңілдік 2027 жылдың соңына дейін қолданылады.

Металлургия саласына қолдау

Металлургиялық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету үшін мыс, мырыш және құрамында алтыны бар шикізат жеткізілімі ұлғайтылды. Мырыш концентратын жеткізу қайта жанданып, қажетті шикізатты импорттау жөнінде келісімдер жасалды.

Сонымен қатар мыс концентратын өңдеу тарифтерін есептеудің жаңа әдістемесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл Қазақстан ішінде шикізатты өңдеудің тартымдылығын арттырып, оның сыртқа шығарылуын азайтуға мүмкіндік береді.