Елде қанша кітапхана мен кітапханашы бар

Кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті. Өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда оқырман саны 3%-ға артты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Бораш Қуат мәлімдеді. 

Жалпы қолжетімді кітапханалардың кітап қоры – 73 миллионнан астам. Бұл еліміз үшін баға жетпес рухани байлық. Осы рухани игілікті пайдаланушылар көлемі, яғни, оқырмандар саны жыл өткен сайын өсіп келе жатқаны қуанышты жайт. Соңғы кезеңде кітапхана қызметін пайдаланушылар саны 9,5 миллионға жетті. Елімізде 11 мыңға жуық кітапхана, 25 мыңнан астам кітапханашы бар, 328 миллионнан аса кітап мен құжат қоры тіркелген. Аталған кітапханалардың 79%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Мемлекет басшысының жолдауына сәйкес 2022 жылдан бастап кітапханашыларды әлеуметтік қолдау бойынша жалақыны жыл сайын 25 пайызға өсіру жүзеге асуда. Яғни, 2025 жылы кітапханашылардың еңбекақысы 100 пайызға көтеріледі, – дейді Мәдениет және ақпарат министрлігінің архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Бораш Қуат. 

Республика бойынша кітапхана саласының мамандарын 9 жоғары оқу орны және 16 колледж даярлайды.

2023-2024 оқу жылына «Кітапхана ісі, ақпараттарды өңдеу және мұрағат ісі» білім беру бағдарламаларының топтарына 100 білім беру гранты бөлінді. Осы орайда, өткен жылы кітапхана ісі бойынша білім беру грантының саны 20 ғана болатынын айта кеткіміз келеді. Яғни, биыл 5 пайызға арттырдық. Бүгінде республика бойынша кітапхана саласындағы мамандарды 9 жоғары орын, 16 мәдениет колледжі дайындайды. Алдын-ала болжам нәтижесіне сәйкес 2030 жылға қарай кітапхана қызметкерлері бойынша қажеттілік 6 987 адам. Аталған көрсеткіш 2022-2023 оқу жылымен салыстырғанда 75%-ға жоғары, – деді Ұлттық академиялық кітапханасы Кітап сақтау қызметінің ғылым, сирек кітаптар және манускриптер секторының жетекшісі Дариға Дауренбекова.

Еске сала кетсек, кітапханада жалақының аздығы кадр тапшылығына әкелетінін айтқан еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы